Зияраттың әдептері

Әссәләмәғәләйкүм құрметті имам, сізге қояр сұрағым осы зират басында кейбір адамдар қабірдің есігін ашып құран оқиды. Кейбіреулері жауып оқыған дұрыс дейді. Қайсысы дұрыс және құранды бас жақтан ба, әлде аяқ жағынан оқыған дұрыс па? Сұрақ қоюшы Данияр

Әссәләмәғәләйкүм құрметті имам, сізге қояр сұрағым осы зират басында кейбір адамдар қабірдің есігін ашып құран оқиды. Кейбіреулері жауып оқыған дұрыс дейді. Қайсысы дұрыс және құранды бас жақтан ба, әлде аяқ жағынан оқыған дұрыс па? Сұрақ қоюшы Данияр

Уағалейкумассалам!  Данияр сіздің сұрағыңызға жауап:

Зияраттың әдептері

1. Ниетті дұрыстап алу, міндетті түрде Алланың разылығы үшін шынайы ықыласпен зиярат қылу керек. Біріншіден, ниетті туралау – зияратты толық Алла жолында оның разылығы үшін қылу, медетті, құтылуды, жалғыз Алладан ғана тілеу керек. Пайғамбардың (с.а.с.) қабірін зиярат ету пайдалы. Пайғамбардың (с.а.с.) құрметімен үшін Аллаға дұға етіп жалбарынса, қабыл етеді. Яғни, «Уа, Раббым! Осы Пайғамбарымыздың құрметі үшін тек Саған ғана жалбарынамын, Сенен ғана сұраймын, тек Өзіңнің разылығың үшін менің ниет еткен пәлен мақсат-қажетімнің орындалуын немесе менің істеген күнәмның кешірілуін және тәубемнің қабыл болуын Сенен ғана сұраймын, тек Саған ғана сыйынамын», – деп дұға жасауы керек.

2. Зиярат еткенде дәретпен бару.

3. Аз уақыт болса да дүние тіршілігін тастап, ақыретті ойлау керек.

4. Зиярат орындарында ақырын жүру. Зиярат орнында ақырындап жүреді. Дауыс көтеріп сөйлемейді. Сөзін бәсең дауыспен әдеппен сөйлейді.

5. Қабір жұртына сәлем беру. Қорымға барғанда бірінші сәлем беріледі. Пайғамбар (с.а.с.) өзінің сахабаларына қабір жұртына былай сәлем беруді үйреткен: «Сәлем сендерге, уа, мүмін қауым жұрты! Біздер де, Алла қаласа, сіздерге қосылармыз. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін». Бұл дұғаның арабша оқылуы мынадай: «Әссәләәму ъәләйкум, дәәрә қаумим-му’миниин! Инәә иншәә’аллааһу бикум ләәхиқуун. Әс’әлуллaаһа лии уа ләкумул-ъаафиа». Омар (р.а.) қабірлердің қасынан өткенде сәлем беретін болған.

6. Қабірдің төменгі жағынан барып мәйітке жақын отыру. Зиярат еткенде қабірдің аяқ жағынан барып, бірінші мәйітке сәлем береді. Содан кейін оған жақындап, оның көкірегінің тұсына келеді. Негізі мәйіттің жүзі құбылаға қаратып көміледі. Сол уақытта зиярат етуші жүзін құбылаға емес, қабірге қаратып, марқұмның бас жағына, оған жақын отырады.

7. Қабірді сипаудан, ұстаудан, тәу етуден, сүюден аса сақ болу керек. Өйткені бұл иманға керағар, теріс әрекеттер.

8. Қабір басында Ясин сүресін немесе өзі білетін басқа сүренің аяттарын оқу. Отырғанда бір мәрте Фатиха және үш мәрте Ықылас сүресін немесе өзі білген сүрелерді оқып, сауабын марқұмға бағыштаса болады. Бір мәрте Фатиха және он бір мәрте Ықылас сүресін оқу абзал. Ықыласты он мәрте оқуға да болады. Мүлік сүресін оқыса да жақсы. Бір мәрте Фатиха, Ықылас, Фалақ және Нас сүрелерін оқу да өсиет етілген. Бір мәрте Фатиха, үш мәрте Ықылас және бір мәрте Тәкәсүр сүресін оқыса үлкен сауапқа ие болады. Бұлардың бәрі өсиет етілген сауапты амалдар. Қабір басында уағыз-насихат айтылуы сауапты іс. Зияратшылар марқұмға бағыштап оқитындарын алдын ала дайындалып келсе болады.

9. Қабірді баспау керек. Қабірдің үсті мәйіттің хұқына жатады. Қабірді басу мәйіттің ішін басқанмен бірдей. Қабірлердің үстінен өту қажет болса тәсбих («Субханаллаһ», «Субханаллаһи уа бихамдиһи», «Субханаллаһи уал-хамдулилләһи уа ла иләһә иллалаһу уаллаһу әкбар» деген сияқты тәсбихтар), тәһлил («Ла илаһа иллалла»), тәкбір айтып, истиғфар дұғаларын оқып өтсе болады. Кімде-кім қорымнан: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар, ла иләһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбару уа лилләһил-хәмд» тәкбірін айтып өтсе, қабірде жатқан кісі: «Осы адам қабірімнің жанынан және бір мәрте өтсе еді!» – деп қалайды екен.

10. Өмірден өткен мұсылмандардың жақсы сипаттарын еске алу сүннет.

11. Зияраттан тыныш, байыпты қалыпта қайтқан дұрыс.

Құрметпен,  ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі.