БАС МҮФТИ РАМАЗАН АЙЫНА БАЙЛАНЫСТЫ БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫН ӨТКІЗДІ

535335_1495607699_890_530_0

Бүгін Алматыда Рамазан айына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы БАҚ өкілдеріне Рамазан айына дайындық барысы мен ораза туралы түсінік берді.

«Биылғы оразада күннің ең ұзарған сәтіне сәйкес келіп отыр. Таңның атуы мен күннің батуы 18-19 сағатқа дейін созылады. Алайда күннің ұзақтығы мен күннің аптап ыстығы отандастарымыздың ораза ұстауынакедергі келтірмейді деп сенеміз. Өйткені, рамазан – жылына бір рет келетін, сауаптар еселеніп жазылатын берекелі, қасиетті ай. Мұсылман баласы мұндай мүмкіндіктер айын жіберіп алмауға тырысады», – деді Ержан қажы Малғажұлы.

Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы ізгі айда жұрт болып жұмылып су тасқынынан үйсіз, шарасыз қалған отандастарымызға қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге үндеді.

«Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Адам баласы ізгі амалы арқылы жаратушының рақымына, нығметіне кенеледі. Жомарт, жанашыр азаматтарды, кәсіпкерлерді көмекке мұқтаж адамдарға қамқорлықкөрсетуге, табиғи апат салдарынан бұзылған үйлерді жөндеуге, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырамын», – деді Ержан қажы Малғажыұлы.

Бас мүфти айтулы айдың қадір-қасиеті туралы айта келе, биылғы Рамазанда атқарылар шаралар жайында баяндады.

«Өткен жылғы дәстүрмен оразаның құрметі үшін «тегін такси», «тегін автобус», «қайырымдылық – қайырлы іс», «барыңмен бөліс» қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. Тарауих намаздарынан кейін жамағат үшін мешіт аулаларына арнайы автобустар қойылып, тұрғындар тегін жеткізіледі. Ораза айткүні мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жамағат арасында асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру сияқты ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылады», – деп атап өтті Бас мүфти.

Биыл Рамазан айы 27-мамыр күні басталып, 29 күнге созылады. Ал, Қасиетті қадір түні маусымның 21-інен 22-не қараған түні.

ҚМДБ баспасөз қызметі