Мейірім шуағы

Бал бөбектің сыңғыр күлкісі өмірдің барлық қызығынан артық, бүкіл қиындықты еңсеруге күш береді. Ананың аялы алақаны бұйырмай, әкенің ақылын естіп, тәрбиесін көрмесе де қоғам тарапынан қамқорлыққа алынған балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан сәбилеріміздің өмірі әрбір саналы адамды толғантары анық. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай  Новошульба облыстық балалар үйіндегі балғындарды құттықтап, мереке қарсаңында сый-сияпатын тапсырып, ағалық ақылдарын айтып, рухани қолдау көрсету мақсатында Бородулиха аудандық «Қарбай» мешітінің бас имамы Әріпжан Қожанұлы Акымбатчаев және Новошульба молдасы Сләмхан Алимханұлы  балаларға базарлықтарын таратып қайтты.  Аудандық, облыстық, тіпті республикалық деңгейде өнер көрсетіп, жақсы нәтижеге жеткен осы балалар үйінің жеткіншектері туралы айтқанда көңілге қуаныш ұялап, жүрекке мейірім толып, мақтаныш сезімі бойыңды кернейді. Алдағы мерекеге қызу дайындық жасап жатқан ұжым алтын уақыттарын қиып бізді демалыс залында төрт көзі түгел жиналып, қарсы алды. Балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізіп, жаратқан Алланың өз пенделерін ешқашан жамандыққа қимайтынын, өмірлік ұстанымы берік, арманы асқақ жанның ғана өмірде өз орынын тауып, бақытқа кенелетіндігі туралы  «Қарбай» атындағы мешіттің бас имамы Әріпжан Қожанұлы балаларға арнайы дайындап  ақ тілегін жеткізіп, аудандық мешіттің және өз атынан балаларға сый-сыйапат таратты.

Мемлекет қамқорлығында тәрбиеленіп, өсіп жатқан бүлдіршіндердің білім алуына, жеке шығармашылықтарын дамытуға барлық жағдай жасалған. Мейірім мен ізгілік, қамқорлық пен махаббатқа толы осынау мекемеде 61 бала тәрбиеленуде. Сауабы мол игі істің қасында жүріп, бесіктен белдері шықпай жатып кейбір адамдардың жатбауырлығынан қиындықтың кермек дәмін ерте татқан балғындардың жанына жылу, көңілдеріне медет, жүректеріне мейірім шуағын сепкен балалар үйінен біз де, қоғам да, үкімет те ешқашан сырт қалмақ емес. Себебі бізге әрбір адам қымбат.

 Бородулиха мешітінің баспасөз хатшысы.