БАС МҮФТИ ҚАЖЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы Елордада елге аман-есен оралған қажылармен пікір алмасты.

Кездесуге ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілі Бауыржан Есмахан,  Дін істері комитетінінің бас маманы Нұрғали Қабылов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің меңгерушісі Бейбіт Мырзагелдиев қатысты.

Жиынға биылғы қажылықта Қажылық миссиясының атқарған жұмыстары талқыланды. Сонымен қатар, қажылық маусымында ұйымдастыру жұмыстарына қолдау көрсеткен ҚР Дін істері жəне азаматтық қоғам министрлігінің лауазымды қызметкерлеріне алғыс айтты.

 «Біз сіздерден жырақта отырсақ та сіздердің барлық жағдайларыңыздан хабардар болып отырдық. Биылғы қажылық сапарына Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі көп көмектесті. Айталық, қажыларға вакцина салдыруға және тікелей рейстің ұшуына атсалысты. Одан бөлек Қажылық миссиясының құрамында да Дін істері комитетінің азаматтары болды. Барлық көмектері үшін министрлікке алғыс айтамыз. Бірігіп жұмыс жасағанның арқасында қажылық сапар барысында қиындықтар туындаған жоқ», – деді Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.

Кездесу соңында қажылар ұлық сапардан алған əсерлерімен бөлісіп, миссия қызметкерлеріне алғысын жаудырды.

Айта кетейік, отандастарымыз тікелей рейстермен Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан Мәдина мен Жидда шаһарына жеткен болатын. Биыл 2500 жерлесіміз қажылық парызын өтеп келді.

 

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz