ЭКСТРЕМИЗМ ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ (ФОТО)

KAZISLAM Елордада «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелерінде қоғамдық институттардың рөлі» тақырыбында республикалық конференция өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде іске асырылды. Конференцияның мақсаты – діни экстремизм мен терроризмге және оның қауіп-қатеріне үкіметтік емес ұйымдардың, соның ішінде қоғамның назарын аудару, сондай-ақ олардың Қазақстанда таратылуын алдын алу. Конференцияны Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Берік Арын құттықтау сөзімен ашты. «Дін саласында орын алып отырған өзгерістерден туындайтын қауіп-қатерлер бізден сәйкесінше әрекет етуді және тиісті шараларды қабылдауды талап етеді. Біздің басты құндылығымыз – еліміздің тұрақтылығы мен бейбіт өмірі – діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудағы азаматтық қоғам институттарымен бірлескен тиімді жұмысымыздың мызғымас іргетасы болып табылады» деп атап өтті  вице-министр. Конференция жұмысына 120-дан аса адам қатысты, олардың ішінде мүдделі мемлекеттік органдар, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен тұлғалармен алдын алу және оңалту саласында қызмет ететін үкіметтік емес ұйымдар,  мәдениет және спорт саласындағы қоғамдық, жастар ұйымдарының және жоғары оқу орындарының өкілдері және т.б. болды. Шараның маңыздылығын ескере отырып, спикерлер ретінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ербол Шәуенов шақырылды. Оңалту жұмыстарының теологиялық және психологиялық аспектілері конференция барысында беделді  теологтар және діни бірлестік өкілдерінің, оның ішінде Н.Өтпеновтің, Д.Байдектің, Ш.Керімнің, А.Сабдиннің баяндамаларында қозғалды. Конференция кезінде азаматтардың, оның ішінде жастардың, сондай-ақ спорт өкілдерінің деструктивті діни ағымдарға тартылу себептері мен механизмдері мәселелері қарастырылып,  жалған діни ағымдардың сипаттамалары және т.б. мәселелер қозғалды. Оңалту және кеңес беру орталықтарының өкілдері деструктивті діни ағымдардың ұстанушыларымен алдын алу жұмыстарындағы іс-тәжірибелерімен  бөлісті. «Қазақстан жастарының конгресі», «Қазақстан КВН одағы» РЖҚБ тәрізді жастар қанатының өкілдері және басқалары жас ұрпақты ұлттық дәстүр, патриоттық сезім аясында, сондай-ақ спорт пен өнерге баулу арқылы тәрбиелеу маңыздылығын атап өтті. Жалпы, конференция конструктивтік рухта өткізілді, түрлі қоғамдық институттар өкілдері халық арасында, оның ішінде жастар арасында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуына бағытталған жұмыстарды жақсарту бойынша өздерінің ұсыныстарын жеткізді және тәжірибелерімен бөлісті.

Толығырақ: http://kazislam.kz/basty/item/14984-ekstremizm-zhane-terrorizmni-aldyn-alu-maseleleri-talkylandy-foto
Материалды көшіріп басу үшін Kazislam.kz сайтына сілтеме көрсету талап етіледі.