РУХАНИ КЕЛІСІМ БІРЛІККЕ БАСТАЙДЫ

Ержан қажы МАЛҒАЖЫҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 18 қазан – Рухани келісім күні!

 Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Қасиетті кітабымыз Құранда бірлік туралы бірнеше жерде баяндалған. Соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде де барша адамзаттың ауызбіршілігін уағыздаған. Жаратушы Иеміз «Әли Имран» сүресінде: «…Бөлінбеңдер», – деп әмір етсе, Оның Елшісі: «…Көпшілікпен бірге болыңдар! Бөлінуден сақтаныңдар», – деп, жамағатты, барша адам баласын мейірімділікке, ортақ мақсатқа үндеген.

Халқымыздың би-шешендері мен ақын-жыраулары да әрқашан өсиетті сөздері мен ғибратты толғауларында, өлең-жырларында өзара келісімді насихаттаған. Майқы бидің:

«Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді», – деген нақыл сөзі қанша ғасыр өтсе де ұрпаққа өнеге.

Елбасының игі бастамасымен елімізде қалыптасқан дінаралық татулық, ұлтаралық келісім – ширек ғасырға татитын тәуелсіз еліміздің жеткен басты жетістіктерінің бірі. Төле бидің: «Бірлік болмай, тірлік болмас», – деген сөзі осыған дейін өзінің өміршеңдігін жоймай келеді. Бүгінгі ХХІ ғасыр рухани құндылықтарсыз өркениетке қол жеткізу мүмкін емес екендігін айғақтады.

Рухани келісім, ұлттар мен дәстүрлі діндер арасындағы бірлік – баға жетпес байлығымыз, ал тұрақтылық – тұғырымыз. Бүгінгі берекелі күнге бірліктің арқасында жеттік. Елдің әлеуметтік-экомикалық көрсеткіші халықтардың өзара татулығы негізінде дами түсетіні түсінікті. Ел басқарған парасатты басшылар қашан да бірлік пен татулыққа аса мән берген.

Күнтізбемізге 18 қазан – Рухани келісім күні ретінде енуі – қазақ топырағына бейбітшілік орнатып, тұрақты қоғам құру идеясынан туған үлкен бастама.

Аллаға шүкір, біз әлмисақтан бері мұсылманбыз. VIIІ ғасырда Орталық Азияға, оның ішінде қазақ топырағына жеткен Ислам сол дәуірден бері халқымыздың жүрер жолы, мемлекетіміздің рухани тірегі болып келеді.

Ислам діні – бейбітшілік, амандық деген ұғымдарды білдіреді. Алла Тағаланың өзінің соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті Құранның «Әнбия» сүресінің 107-аятында былайша баяндалады: «Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік».

Расында, біз кешегі аумалы заманда қиындыққа төзіп, сынаққа сабыр етіп, азаттықтың ақ таңын атырған халықпыз. Сондықтан да, тәуелсіздік, бірлік, бейбітшілік, татулық – ұлтымыз үшін ұлы ұғым, қастерлі сөз.

Ата-бабаларымыздың асқақ арманы мен өр рухының, иманға берік мұсылмандығының арқасында келген тәуелсіздік – Алланың бізге берген сыйы һәм нығметі. Жаратушы Раббымызға сансыз шүкірлер айтамыз, егемендігімізбен бірге дініміз де өркендеп, елімізде еңселі мешіттер мен медреселер бой көтерді, әлеуметтік жағдайымыз түзеліп, экономикамыз даму үстінде. Ендеше, халықтың әл-ауқатын бұдан әрі көтеру үшін бізге ең әуелі бірлік ауадай қажет. Өйткені, бейбітшілік – біздің бақытымыз бен баға жетпес байлығымыз.

Қазіргідей алмағайып заманда өркениеттер арасындағы бейбіт келісімді сақтау – өзекті мәселелердің бірі. Қай діннің өкілі болсын, өз тіршілігінің тыныштығын, тұрақтылығын қолдайды. Осы тұрғыдан алғанда, діндер арасындағы диалогты дамыту – бүкіл әлемдік жауапкершілік. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев діннің қоғамдағы маңызды рөлін ескеріп, әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының келелі кездесуін өткізуге ұйытқы болды. «Заман күнде өзгереді, ал дініміз – мәңгілік», – деген қанатты сөзді айтқан Елбасы әлемдік дәстүрлі дін көшбасшыларын бір үстел басына жинап, ортақ мақсаттар туралы салиқалы сөз айтуға мүмкіндік туғызды.

Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі амалдарымен ғана Жаратушыға жақындайды. Қасиетті Құранда: «Бір-бірлеріңе ізгі істерде, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар…» делінген.(«Маида» сүресі, 2-аят).

Алла Тағала халқымыздың бірлігі мен берекесін арттырып, тәуелсіздігімізді баянды еткей! Тілегіміз қабыл, мұратымыз асыл болғай! Әмин!

www.muftyat.kz