БАС МҮФТИ ҚМДБ ТАРИХЫНДАҒЫ ҮШ КЕЗЕҢДІ АТАП ӨТТІ

Бұл туралы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай қажы Ораз «Қазақ әдебиеті» газетіне берген сұхбатында әңгімелеп берді.

 «Мен Алланың қалауымен діни қызметке ерте жастан араластым. 24 жасымда Бас мүфти орынбасары болдым. Көзге көрінбейтін, қолға да түспейтін нәзік сала – діни қызметпен айналысу 24 жастағы жігітке үлкен жауапкершілік жүктеді. Құдайға шүкір, бұл міндет мені біраз ширатты.

Рәтбек қажы ақсақалдың кезіндегі уақытты «алғашқы сауат ашу кезеңі» деп атар едім. Өйткені, ол кезде халықтың діни сауатын ашу маңызды істің бірі болды. Ақсақалға Алла разы болсын! Бойында бар күш-қайратын шәкірт тәрбиелеуге арнады. Ол кісінің шәкірті болу – маған да мақтаныш, мәртебе.

Ғылыми саладан діни қызметке ауысқан Әбсаттар қажы Дербісәлі Бас мүфти болған жылдарды «ағарту кезеңі» деп атауға болады. Имамдардың діни біліміне көбірек мән берілді. Бірнеше медреселер  ашылып, жоғары білімді діни кадрларды даярлайтын «Нұр Мүбәрак» университеті өз жұмысын бастады. Дін қызметкерлері мен халықты ағарту бағытындағы іс-шаралар мен игі жобалар жүзеге асты.

Ержан қажы Малғажыұлы Бас мүфти болған жылдары мүфтият «өрлеу кезеңіне» қадам басты. Білімді, тәжірибелі имамдар қатары көбейіп, жамағаттың сауатты уағыз-насихатқа деген сұранысы артты. Ержан қажы дін мен дәстүр сабақтастығын жаңғыртып, рухани кеңістікті тәлімді дүниелермен толтыруға сүбелі үлес қосты», – деп атап өтті Бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Сұхбаттың толық мәтінін мына сілтеме бойынша оқуға болады: Бас мүфти: Кешегі – кеп, Бүгінге сеп…