Жат ағымға жол жоқ!

Бородулиха аудандық Қарбай мешітінің бас имамы Ә.Қожанұлы, Бородулиха  аудандық  қазақ мектебі білім беру бөлімінің ұжымының қызметкерлеріне жат ағымдардан келетін зиян, діни экстремизм мен терроризмді насихаттайтын интернет желісі, ислам атын жамылған діни ұйымдардың өскелең ұрпақ пен жастарға тигізер кері әсерін жан-жақты түсіндіріп, қатысушылар тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауаптар берді.

 Діни ағымдар туралы тоқталып, ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының талаптарын түсіндіріп өтті.

Аудандық мешіттің бас имамы ислам негіздері, салт-дәстүрдің жастар арасында жалғасын табуы керектігін баса айтты. Ислам мемлекеті деген лаңкестің ұйымының жасап жатқан тірліктерінде исламның иісі де жоқтығын, бұл адасқан қылмыстық топ екендігіне баса назар аударды. Жастар арасында суицидтің белең алуына тоқталып сахих хадистерді жеткізді, ата-аналарға балаларының діни сауатын интернет арқылы ашамын деп жат ағымның жетегінде кетіп қалмауын қадағалауды сұрады. Тәрбие мен инабаттылық, отансүйгіштік және адамгершілікке үндейтін ислам дінінің негіздерін үлкендер өздері біліп, ақ пен қарасын айыра білсе балаларына дұрыс бағыт бере алатындығын, адасуына жол бермейтіндігін жеткізді.

Кездесу соңында тақырыпқа қатысты бейнефильмдер көрсетіліп, парақшалар таратылды. Бір сөзбен айтқанда, діннің атын жамылғандардың медалінің екінші жағының қандай сұмдық зардабы барын қатысушылар ұғына алды.

Бородулиха мешіті Айдар Сүлейменұлы.