ҚМДБ: АСТАНАДА ЕУРАЗИЯ МҰСЫЛМАН ҒҰЛАМАЛАРЫНЫҢ ФОРУМЫ БАСТАЛДЫ (ФОТО)

 ҚМДБ баспасөз қызметі muftyat.kz

Бүгін Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Еуразия кеңістігіндегі Ислам өркениеті: өткені, бүгіні және болашағы» атты тақырып аясында Еуразия мұсылман ғұламаларының форумы басталды.

Халықаралық форумға ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз, Сенат және Мәжіліс депутаттары, зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, Еуразияның 21 елінен 35-тен астам делегат, еліміздің беделді дін ғалымдары мен Ғұламалар кеңесінің мүшелері, жалпы 250-ден астам адам қатысуда.

ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден келген мәртебелі меймандарға құттықтау сәлемін жолдап, форум жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев әлемдегі діни тұрақтылық пен халықтар арасындағы бірлікті сақтауда дін қызметкерлерінің рөлі үлкен екенін атап өтті.

Мінберде сөз алған Бас мүфти Серікбай қажы Ораз:

«Бүгін Қазақстан мұсылмандарының рухани өмірінде тарихи күн. Өйткені, біздің бастамамызбен тұңғыш рет Еуразия еліндегі Ислам ғалымдары Астанада бас қосып, әлемдегі діни ахуал туралы пікір алмасып, ортақ Қарар қабылдап отыр. Ислам діні Еуразия мұсылмандары арасында Қарахан кезеңінде тарала бастап, Алтын Орда дәуірінде аяқталғаны баршамызға мәлім. Мәураннахр мен Анадолы және Каспий мен Еділ бойында жаңа түркі-ислам өркениетінің негізі қаланды. Яғни, біздің діни-рухани тұтастығымызды қамтамасыз етіп отырған ортақ тарихымыз бен мәдениетіміз бар. Олай болса, сырттан келіп жатқан тасқындарға төтеп беру үшін Еуразия мұсылмандарының ортақ мәдени және рухани құндылықтарын жандандыруымыз керек. Еуразия мұсылмандары радикализмнің кез-келген түрін, оның ішінде дін атын жамылған содырлық әрекеттерді ешқашан қолдамауға тиісті. Керісінше, исламға қатысты ксенофобия орын алмас үшін діни радикализмге қарсы орынды сын айтып, ортақ ұстанымдарымызды жариялап отыруымыз керек», – деді.

Халықаралық форумның мақсаты мен міндеті – жаңа замандағы мұсылман қауымының жауапкершілігі мен өзара түсінігін қалыптастыру, әлемдегі сын-қатерлерге жауап беру, бүгінгі мұсылман үмбетінің діни экстремизм мен терроризмге қарсы иммунитетін арттыру, ортаазиялық тарихи діни мектептің рөлін арттыру, Елбасының «Рухани жаңғыру» бастамасына орай қазақ топырағынан шыққан әлемге танымал діни тұлғалардың еңбегін насихаттау, Еуразия елдерінің ортақ пәтуалар базасын қалыптастыру, Еуразия кеңістігінде діни ықпалдастық пен рухани қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосу, т.б.

Форум жұмысы соңында «Бүгінгі мұсылманның келбеті» құжаты қабылданып, жиынға қатысушылардың Қарары жарияланады.