Министр: Діннің дәстүрлі қағидаларын түсіндіруге ғұламаларды тарту керек (видео)

ҚР Дін істер және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін ғұламалар мен имамдарды жұмылдыруға шақырды. Бұл туралы ол елордада өтіп жатқан Еуразия мұсылман ғұламаларының форумында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тарихтың дамуы барысында ислам біздің даламызда өмір сүрген халықтардың көбі қабылдаған негізгі дін болды. Ол үнемі рухани дәстүрлермен сабақтастықта дамыды. Бабаларымыз сан ғасырлық ескерткіштермен тарихи жәдігерлердің бай рухани мәдениеттің мұрагері атанды. Ислам дінін татулық пен тағаттылықтың, жасампаздық пен жарасымдылықтың діні екенін әрдайым өз ісімен көрсетіп келеді. Бізге осы мұраны сақтап қалу, өте маңызды. Халыққа діннің дәстүрлі қағидаларын дұрыс түсіндіру үшін Құран мен хадистерге негізделген білікті ғұламалар мен имамдарды жұмылдырып, бізге жеткен бай мұраларымызды қайта жаңғырту үшін жұмыс жасау керек деп санаймыз», – деді министр.

Осы орайда ол діннен ең алдымен рухани, моральдық, этикалық құндылықтарды алу керектігін атап өтті.

«Қазақстанның этносаралық, дінаралық келісімнің үлгісін бүгінгі күні әлем елдері мойындады. Еуразия жүрегінде орналасқан Астана діндер арасындағы өзара түсінік пен диалогтың жаһандық алаңына айналды. Қасиетті Құранда жақсылық жасағанның жақсылығы еселенеді деп жазылған. Ислам дінінің сенімі мен этикалық нормалары Құранда айтылғандай, адамды бірлікке, бейбітсүйгіштікке қайырымдылық пен төзімділікке үйретеді. Ислам діні басқаша ойлайтындарға төзімділік көрсетуді, ойлау еркіндігін ғасырлар бойы көрсете білді», – деді Нұрлан Ермекбаев.

Айта кетейік, Еуразия мұсылман ғұламалары форумына Орталық Азия мен Еуропаның 21 елінен 35-тен астам делегат қатысуда. Олардың арасында бас мүфтилер, дін қайраткерлері, зиялық қауым өкілдері, теолог-ғалымдар, өңірлердегі бас имамдар бар.

[youtube height=”400″ width=”590″]https://www.youtube.com/watch?v=9Mnf2VgKC7k[/youtube]