Тасқынға ұшыраған отбасы оқиғасы фото (Ағайынның қайыры жалғасуда)

Шындығында тыныштықта тербелген бейбіт өмірімізді ұстап тұрған күштердің бірегейі қайырымдылық пен мейірімділік. Жұмыр басты пенденің жүрегінде осы осы бір қасиетер болмағанда бейбітшіліктің бет пердесі баяғыда-ақ быт – шыт болар еді.
Наурыздың 11 күнгі Аягөздегі алапат су тасқыны жолындағыны аяусыз жаныштап жүздеген адамдар зардап шекті. Қаншама үйлер қирап ағындап келген су тасқыны тұрғындардың бар жиған тергендерін ағызып, баспаналарын құлатып кетті.
Тәубә. Қиналған жұртқа қайырымдық білдіргісі келгендер қатары  аз емес екен. Санаулы күндердің ішінде жомарт жандардың жіберген жылулары жан жақтан ағылды.
Апат болған күннің ертеңінде – ақ,  ҚМДБ-ның төрағасы, бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазрет еліміздегі барлық мешіттерге  апатқа ұшыраған ағайынға барынша қайыр қылу туралы тапсырмасын да берді.
Осы тапсырмаға сәйкес жер – жерлерде жамағатқа болған жағдай туралы мешіт имамдары баяндап, жүргізілген жұмыстар нәтижесінде көмек қолын созғысы келгендердің қатары күн санап көбеюде.
Алғашқы болып Семей өңірі бойынша өкілділігі мүфти атынан халыққа ақ дастархан жайып, азық-түліктер мен киім-кешектер таратты.
Осы бір қиын күндері Аягөз қалалық орталық мешітінің наиб имамы Дәулет Қинаятұлының да отбасы зардап шеккендердің қатарында бар еді.  Сол бір еске алуға ауыр күндерді көз алдымыздан бір өткерсек.  Жиырма үш жыл бойы мешітте қызмет атқарып келе жатқан наиб имам наурыздың 11 күні бесін намазын өткеру үшін дайындалып жатқанда телефон шырылдайды. Былайғы уақыттарда намаз алдында телефонды көп көтере бермейтін наиб қалта телефонын алып қалғанда арғы жағынан жолдасының «су басты, су басты тез жет» деген сөздерін естиді. Бастапқыда ештеңені толық ұғынбаса да жылдамдатып сыртқа шығып такси ұстап үйіне қарай тартады. Темір жол вокзалына дейін таксимен  жетіп арғы бетке өткенде үйлердің қалың нөпір судың астында қалып жатқанын көреді. Осы бір қиын көріністің ортасында өз үйінің де бар екенін түсініп тізеден келген мұздай суды кешіп үйіне жетеді. Есігінің алдына барғанда бағанағы су деңгейі белден жоғары көтеріліп қалған еді. Есік алдында үйшікте тұншыққа итті босатайын деп қора жаққа бір бұрылып, есіне мынадай күйде бала-шағаларым не болды екен деген үрей жүрегін осып өтіп, есікті жұлқып ашып қалғанда баспананың биіктеу жүк жиналған бұрышында бүріскен балаларын бауырына басып отырған жолдасын көреді.  Қара суды кешіп үйіне асыққан азамат байқамапты. Ол үйіне қарай бет алғанда артынан ағалары соңынан үлкен тракторды (катамаран) қоя беріпті. Сол трактордың құм салатынына (ковшына) далаға алып шыққан бала шағасы мен жолдасын отырғызып қауіпсіз жерге шыққанда ғана барып бойынан өткен суықты сезіп тісі-тісіне тимей қалшылдап тоңады. Қора алдындағы ит үйшігімен қоса ағып кетті. Иттің соңынан үй ішіндегі жиған тергендерінің барлығы сумен шайылып далаға шығып ағынмен құлдилап төмен қарай кетті.
Отбасы құрғаннан соң он шақты жылдардан соң барып сүйген сәбилерінің амандығына шүкір айтқан наиб имам бала-шағасы мен жолдасын бауырына басқан күйі баспанасыз қалды. Ағайын-туған, тамыр-таныс, мешіт қызметкерлері болып қолдан келген көмегін аямады.
Өзі секілді үйлері суға кеткен көрші  – қолаңдарды сабырға шақырып Алладан келген кесапатқа бір қайырдың болатынын айтып жұртты жұбатқан әлеуметтік желілердегі жазбалары мен, азаматтық ұстанымына сүйсінбеген жан болмады.
Міне осындай білікті маман, мықты азаматтың діннің өркендеуі жолындағы еңбегін ескерген, қызметін бағалаған бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазірет дұрыстап марапат білдіріп, қолдау керектігін айтты.
Халық пен хазреттің аманатын арқалап келген ҚМДБ-ның Алматы қаласы және Талдықорған Семей өңірі бойынша өкілдері ҚМДБ-ның қорынан бөлінген жəне жұртшылықтың жан жылуымен жиналған қаржыға наиб имам Дәулет Қинаятұлына баспана алып берді.
Аягөз халқы мүфти хазіреттің тағылымды бастамасына тәнті болып, шын жүректен ризашылықтарын білдірді. Бұл шындап келгенде асыл дініміздің Аягөз ауданында өркендеуіне толымды үлес қосып келе жатқан қызметкерге білдіріген қолдау ғана емес, дін жолында жүрген барлық жамағатқа арналған  құрмет болды.
Аягөздегі су тасқынынан бері орталық орталық мешітке арнайы келіп, халықтың ортасына бірнеше рет болған  Семей өңірі бойынша өкіл имам осы жолы да жұртшылық ортасында болып іс-шараның бел ортасында жүрді.
Осы орайда Алматы қаласы және Талдықорған Семей өңірінен келген өкілдер өздерімен бірге үш өңірден жалпы шамамен 40 тоннаға жуық азық-түлік, киім-кешек және құрлыс материялдарын таратып берді. Сондай-ақ көмекке мұқтаж 50 отбасына қаржылай көмектер берді.
Жалпы қолдаулар көріп, көмек алған тұрғындар бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының  жақсы бастамасына және Алматы, Талдықорған халқына ыстық ықыластары мен шексіз алғыстарын білдірді.

Ермек Тұрсынұлы