БАЛАҢЫЗДЫ КІМ ТӘРБИЕЛЕУДЕ НЕМЕСЕ ҒАЛАМТОРДАҒЫ ҚАУІП-ҚАТЕРДЕН САҚТАУ

Бала – Алла Тағаланың берген рақымы әрі сынағы. Алла Елшісі (ол кісіге  Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Сендердің әрқайсың бақташысыңдар және сендердің әрқайсыларың баққандарыңа жауап бересіңдер: әмірші өзінің қол астындағыларға бақташы саналады, еркек өзінің жанұясының бақташысы, әйел де күйеуінің үйінде бақташы, әрі өзінің бақташылығына және оның балаларына жауапты. Сонымен, әрқайсың бақташысыңдар және әрқайсың баққандарыңа жауапкершілік көтересіңдер», – деген (Бұхари, 853; Мүслим, 1829).

Кез келген ата-ананың және салиқалы ұрпақ сүюді мұрат еткен жандардың көкейінде «Қайтсем Алла разы болатын ұрпақ тәрбиелеймін? Баламның бақыты  үшін, оның бойына адами қасиеттерді сіңіру үшін не істеуге болады? Қоғамдағы түрлі қауіп-қатерлер мен виртуалды әлемнің зиянынан қалай аман алып қаламын?» деген секілді сансыз сұрақтар болары анық.

Алла Елшісінің ﷺ  «Әкенің балаға берген сыйлықтарының ең абзалы – берген  жақсы тәрбиесі»,
«Сендердің біреулерің балаңа әдептілікті үйреткенің, күнде жарты сағ (сағ деп дәнді дақылдарды өлшейтін өлшемді айтады. Жарты сағ  дегеніміз егер бидай өлшесек 1,900 кг. тең болады.) садақа бергеніңнен артық»  деген сынды хадистерінен бала тәрбиесінің маңызын ұғамыз.

Бала тәрбиесі, ұрпақ болашағы ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тақырып, керісінше заман ағымына қарай күрделеніп отыратын үдеріс. Сондықтан да, бала тәрбиесіне қатысты том-том кітаптар жазылып, түрлі тәсілдер шығып жататынын жақсы білеміз.

Бұл мақаламызда баланы ғаламтордың қауіп-қатерінен сақтаудың жолдарын қарастыратын боламыз. Иә, бүгінде ғаламторға тәуелділік атты жаңа дерт пайда болды. «Виртуалды өмір» атты вирус үлкенді де кішіні де жалмап барады. Әлеуметтік желінің әлеуеті артып, ақпараттық технологиялар тегеуріне жасөспірім түгілі үлкеннің де әлі жетпей жатқаны жасырын емес.

Қазақстанда ата-аналардың 57%-ы балалары интернетте жасына сай емес ақпарат алуы мүмкін деп қауіптенеді екен. Десек те, ата-аналардың көбісі интернет қауіпсіздігі мәселесіне көп көңіл бөлмейді. Себебі, ата-аналардың 18%-ы балаларының ғаламторда не істеп отырғанын мүлде қадағаламайды екен[1].

Заман солай деген желеумен баламыздың компьютер, планшет, ұялы телефон және теледидар секілді сандық техникалармен бар уақытын сарп етуіне мүмкіндік беріп қойдық. Жарты күнін экран мен суперзаманауи гаджеттердің алдында өткізетін бүгінгі баланың ертеңіне ертерек алаңдасақ, ұтылмасымыз анық. Ол үшін баламыздың түрлі гаджеттерді қолдану уақытын шектеп қана қоймай, көріп отырған дүниесінің мазмұны дініміз бен діліміздің салт-санамыздың құндылықтарына қайшы келмеуін де қадағалап отырған абзал.

Сандық индустрияның данышпаны Стив Джобс балаларына гаджеттерді қолдануларына қатаң шектеу қойып, түнгі уақытта және демалыс күндері пайдалануға мүлдем тыйым салған екен.[2]

Балалар ересек адамдарға қарағанда өздерінің девайстарымен (телефон, планшет, компьютер, т.б.) көбірек әуестенеді. Ғаламторда оларды қауіптің торитындығын тілалғыш әрі естияр баланың өзі де үнемі түсіне бермеуі мүмкін. Бүгінде тіпті кішкентай балалар (1-3 жас) да ғаламторға еркін қол жеткізуде. Мұның салдары қандай жағдайға апарып соғарын болжап білу мүмкін емес.

Баланың ғаламтор желісінде ұзақ уақыт отыруға әуес болуынан туындайтын зияндар:  
  • Көзінің көруі нашарлайды;
  • Айналасымен байланысы жоғалып, мінезі тұйықталып кетеді;
  • Денсаулығына кері әсерін береді;
  • Ойынға тәуелді болады;
  • Психикасы бұзылады.
Ғаламтор желісіндегі бейтаныс адамдар тарапынан келетін зияндар:
  • Балаңызға тіл тигізуі;
  • Баланы заңсыз әрекеттерге тартуы;
  • Жеке ақпарат алуы;
  • Балаңызды қорқытуы;
  • Рұқсат етілмеген контентті жіберуі мүмкін.
БАЛАҢЫЗДЫ ҒАЛАМТОР ЕМЕС ӨЗІҢІЗ ТӘРБИЕЛЕҢІЗ

Балалар ғаламторға әртүрлі: компьютер, планшет, мобильді құрылғылардан кіреді. Олардың ол жерде немен айналысып жүргені бір Аллаға аян.

Статистикаға сүйенер болсақ, соңғы 12 ай ішінде әрбір бесінші бала әлеуметтік желіде төтенше жағдайдың құрбаны болған көрінеді. Әрбір бесінші ата-ана баласының ғаламторда нені көріп, не тыңдайтынын әр уақыт қадағалап отыра алмайтынын біледі. Олай болса, балаңызға төнген қауіптің алдын алу үшін, онымен әр сәтте байланыста болу маңызды.

Тәрбиесінде кем-кетік болмауы үшін түрлі тыйымдардың орнына балама зат, әрекет ұсынып, соған қызықтырған өтімдірек болатынын да ескерген жөн. Баланы виртуалды ойындардан шынайы физикалық ойындарға, спортқа баулудың тиімді тетіктерін қарастырған дұрыс.

Осы ретте, жасөспірімдердің ғаламтордағы белсенділігін бақылауды жеңілдететін бағдарламаларды (мобильдік қосымшаларды) да тиімді пайдалануға кеңес береміз. Мәселен, балаңыз қолданатын барлық құрылғыларға орнатуға болатын және оның желідегі әрекеттері жайлы біліп отыруға мүмкіндік беретін, сонымен бірге, балаңызды ғаламтордың зиянынан қорғайтын Kaspersky Safe Kids программасын (мобильдік қосымшасын) айтуға болады.

SAFE KIDS ҚАНДАЙ МҮМКІНДІКТЕР БЕРЕДІ?
  • Windows пен Mac компьютерлері, Android, iPhone және iPad смартфондары мен планшеттері (кез келген барлық құрылғыларды бірыңғай сервиске қосу мүмкіндігі қауіпсіздікпен қамтамасыз етуді барынша жеңілдетеді)
  • Тек сенімді сайттар мен мобильді қосымшалар (сайттар мен ақпараттарды балаңыздың жасына сай таңдай отырып, сай келмейтін контенттерді бұғаттай аласыз)
  • Балаңыздың қай жерде жүргенін білу мүмкіндігі (балаңыздың болуы қажет қауіпсіз аймақтарын белгілеп қойып, ол аймақтан тыс жерде жүрген болса, дереу хабар аласыз)
  • Ғаламтор желісінде отыратын уақытын шектеу (күнделікті компьютерге, мобильді құрылғыға, ғаламтор, ойындар мен әр түрлі мобильдік қосымшаларға бөлетін уақытын белгілеп, шектей аласыз)
  • Қауіпті оқиға орын алған жағдайда лезде хабардар боласыз (балаңызға қауіп төнер болса, электронды поштаңызға немесе телефонға хабарлама аласыз)
  • Әлеуметтік желідегі қауіпсіз байланыс (балаңыздың кімдермен сөйлесетінін білу үшін және қандай да бір алаяқтардың арбауына түсіп қалмауы үшін Android құрылғысына балаңыздың қоңыраулары мен SMS-інің статистикасын ала аласыз. Балаңыздың әлеуметтік желідегі достарының санының өзгергені туралы хабар мен Facebook/Vkontakte әлеуметтік желісіндегі тиым салынған топтар туралы ақпаратты және қолайлы интерфейс арқылы сол топтар жариялап отырған мәліметтерді қадағалай аласыз)
  • Сізге ыңғайлы болуы үшін баптаулары өте жеңіл (ережелер мен шектеулерді баптау өз қолыңызда. Балалардың құрылғыларындағы қорғаныс бірыңғай жеке кабинетте жасалады. Сонымен қатар, жеке кабинеттен балаңыздың белсенділігі туралы толық ақпараттарды ала аласыз)

Kaspersky Safe Kids туралы толығырақ ақпараты www.kaspersky.ru сайтынан алуға болады.

Қорыта келе айтқанда, жақсы тәрбиенің негізі имани тәрбиеде жатқаны даусыз. Иманды, көркем мінезді, ата дәстүрін құрметтейтін, алдамайтын, ұрламайтын, өзгеге жәбір көрсетпейтін, бір сөзбен айтқанда, Алладан қорқатын адам қоғамның сәні әрі қозғаушы күші болмақ. Осындай иманды ұрпақты тәрбиелеп шығуда не  істемек керек?

Әрине, біріншіден баланың тәрбиесін Пайғамбарымыздың ﷺ сүннетіне сайата дәстүріміздің тәрбиелеу тетіктерінегізінде  жүргізгеніміз нәтижелі болмақ. Халқымызда «Ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөз бар. Демек, ең нәтижелі тәрбие – үлгі болу. Бала – ата-ананың айнасы. Балаңызға берген ақыл-кеңесіңіз өз бойыңыздан табылмаса оған құлақ аса қоюы екіталай екенін ұмытпаған жөн.

 

[1] https://sputniknews.kz/society/20171123/3845928.html

[2] http://www.dailymail.co.uk/news/article-2754547/Apple-boss-Steve-Jobs-didnt-let-children-iPads-limited-tech-consumption.html