ҚҰРАНДАҒЫ ӘКЕНІҢ ҮЛГІСІ

Бала тәрбиесі жайлы «Юсуф» сүресінде Яқұб пайғамбар жайлы айтылған бөлігінде сөз етіледі. Құранда Яқұб пайғамбар әкенің айнымас үлгісі ретінде аталады. Баршамыз Юсуф пайғамбардың тарихымен таныспыз, Юсуф бала күнінде түс көреді. Өзін мазалаған бұл түсін кіммен бөліседі? Әрине, әкесімен.

Ойлап қараңызшы, өміріңізде келеңсіздіктер орын алып жатса ең алдымен «әкеммен ақылдасайыншы» деген ой келе ме? Әдетте, көп жағдайда анаңызбен бөлісетініңіз анық. Бөлісіп алып «Әкеме айта көрмеңіз» деп жатамыз.

Юсуф пайғамбардың әкесіне келіп, болған жайтты баяндауында үлкен ғибрат жатыр әрі өзге әкелерге мысал үшін айтылған. Олардың арасында әке мен балалық сенім тығыз орнағандықтан араларындағы үлкен болсын, кіші болсын мәселе жасырын қалмай, ашық отырып сөйлесе алғанын көрсетеді. Оның үстіне ол бір маңызды мәселе емес, кішкентай баланың көрген түсі еді.

Баламен арадағы сенімділікті орнату я орнатпау мәселесі негізінен әкеге байланысты. Күні бойы жұмыста жүріп үйге келген соң демалып жатқанды кім жақсы көрмейді?! Ал осы сәтте бес жасар балаңыз келіп: «Әке, қараңыз, мен не жасадым! Қараңыз! Әке, ойнайықшы? Мынаны жасайықшы»,- деп төбеңізде тұрды делік…

Сіз не істейсіз?

«Балам, қоя тұршы! Мен теледидар қарап алайын! Анасы, балаға қарашы, жаңа ғана келдім ғой. Демалып алайын! Балам-ау, саған ойыншықты бекер әпердім бе, ойнасыңшы солармен!»

Дәл сол бала 10 жылдан соң – бозбала. Оны мектептен алып келе жатып: «Жағдайың қалай балам?»,- деп сұрайсыз.

Ол болса мұрнының астынан: «Білмейін»,- дей салады.

«Не істедіңдер?» – «Білмеймін»

«Достарыңмен сөйлестің бе?» – «Білмеймін»

«Қайда барасыңдар?»  – «Білмеймін, бір жерге шығар»

Бала сізбен сөйлесуді тоқтатады. Осыдан соң біз шарқ ұрып мұғалімге, психологқа, қала берді имамдарға барып баламыздың бізбен сөйлесуден қалғанын айтып шағымданамыз. Алайда өзіміздің де қалауымыз осы болды емес пе? Оларға көңіл бөлмедік, бірінші болып әңгімеге тартпадық…

Ал 10 жас пен 13 жас аралығы баланың өтпелі кезеңі. Бұл кезеңде бала ата-анасының оны мақтап, көтермелеп отырғанын көргісі келетін шағы. Бұл ешқандай да діни тұрғыдан алынған емес, психологиялық факт. Бұл кезеңде бала ата-анасы сонымен мақтануы үшін қолынан келгенді жасайтын шағы. Балаға әсер етуші ең үлкен күш – ата-анасы. Сол себепті де бұл мәселе өте маңызды.

Әке – ең жақсы дос

Арамызда бала-шағасымен кешкі ас ішетіндер бар ма? Ал егер бар болса, баласымен әңгімелесетіндер бар ма? Біздің ғасыр – технология ғасыры, телефон, әлеуметтік желілердің арқасында балаларды былай қойғанда, өзіміз адамдармен сөйлесуден қалып барамыз. Бірақ, біз оларды тыңдап үйренуіміз керек, әсіресе, әкелер. Алла Тағала аналарға баласына тәрбие беру қабілетін дарытқан. Олар баласын тамақтандырып, жұбатып, мәпелеп тәрбиелейді. Бұл оның табиғатында бар қабілет. Ал әкелердің осы мәселеде біраз еңбектенуіне тура келеді.

Барша әкелерге: егер балаңыз діннен, адамгершіліктен жырақ өспесін десеңіз, балаңызға жақсы дос бола білуіңіз керек, дегім келеді. Жақсы дос болу үшін ұзақ әрі шындап жұмыс жасау қажет болады. Ата-ана, әсіресе әкелер үнемі физикалық тұрғыда күшті болуы тиіс, спортты сүюі тиіс.

Не істесеңіз де, балаңызбен бірге істеңіз. Бұл арадағы бөгетті жоюдың ең тиімді жолы. Осылайша балаңыз біртіндеп сізбен еркін әңгімелесетін болады. Кез келген бала ойын ашық айта алатын адамды іздейді. Ол адамның өзге емес, өзіңіз болғанын қалайтын боларсыз?!

Сөз соңында, Юсуф пайғамбардың оқиғасының жалғасын да баршамыз білеміз. Яқұб пайғамбардың ұлдары жан түршігерлік қылмыс жасайды. Олар көлікті бүлдірген жоқ, қол жуғышты сындырған жоқ не болмаса бір балалық жасаған жоқ. Олар бауырларын құдыққа тастап кетті. Бұл ақылға қонымсыз қатігездік болып саналады. Осылайша олар әкелеріне Юсуфтың қан жоса болған жейдесін алып келеді. Яқұб не істеді дейсіз бе? Бұл оқиғадан хабары жоқ жандар Яқұб пайғамбар балаларын жазалайды деп ойлайтын болар.

Ал Яқұб оларға тек қана: «Сабыр ету – ең тамаша жол ғой…»,- дейді.

Яқұб пайғамбар балаларының өтірік айтып тұрғанын сезіп, сабырлылық танытты. Осы жерде Құран бұл оқиғаны не үшін айтып жатыр деген сұрақ туады. Себебі Алла Тағала Яқұбтың өте ақылды әке екенін көрсетуді қалады. Сүренің басында-ақ ол өзінің балаларын жақсы білетінін аңғаруға болады. Балалары Юсуфқа қарсы ешнәрсе ойластырмай тұрып, Яқұб пайғамбар Юсуфқа: «Сақ бол, олар қастандық жасауы мүмкін»,- деп ескертеді.

Ол бұл сөздерді балаларын жақсы білгендіктен айтты. Сонымен қатар, ол балаларына ұрсып, айқайлаудың жағдайды одан әрі ушықтыратынын да жақсы білді. Бұл жағдайдан шығудың жалғыз ғана жолы – сабырлық екенін түсінді.

Олай болса, ұрпағымыз өсіп келе жатқан кезде олар үшін дұға етіп, сабырлылық танытуымыз қажет. Нәтижесі бірден болады деу қисынсыз, сондықтан да сабырымызды «таймерге» қоюдың қажеті жоқ.

Жаратушымыздың Құранында келген бұл оқиғалар жай ғана тарих емес. Бұл тура жолға жетелеуші Құранның үйретері. Неге? Себебі мұндай оқиғалар біздің өмірімізді барынша жеңілдетеді, жақсартады. Өмірге басқа көзбен қарауға үйретеді.

Алла Тағала бала тәрбилеуде баршамызға сабыр мен мейірім берсін, ұрпағымыз екі ғұмырда да қуанышымыз болсын!