АЛЛАНЫ ҰЛЫҚТАП, ПАЙҒАМБАРҒА ﷺ САЛАУАТ АЙТАЙЫҚ

Мәулiт арабшадан қазақшада “туылған күн “деген мағынаны бередi. Бiрақ бұл атау Алла Тағаланың ең сүйiктi пендесi, Адамнан бастау алып Исаға дейiнгi барлық пайғамбарлар мен елшiлердiң де оның үмметi болуға арманы болған, бүкiл әлемге нұрын шашып, надандық қараңғылығынан ислами жарыққа шығарған пайғамбарлардың ұлысы – пайғамбарымыз Мұхаммедтiң ﷺ дүниеге келген айына мереке етiп берiлген. Сондықтан да әр жылы Раби-ул-әууал айында әз- Пайғамбарымыздың мәулiтiн Алла Тағалаға бiздердi пайғамбарлардың соңғысы Мұхаммедтiң ﷺ үмметi етiп жаратқанына шүкiрлер айтып, сүйiктi хабибiне салауаттар айтып мерекенi бiр ай бойы тойлаймыз.

Мәулiт күнi – жер мен көк нұр шашқан Пайғамбарлардың сардары хазретi Мұхаммедтің ﷺ дүниеге келген күнi дүниенi нұрға толтырған Құдай Тағала мейiрiм-рахымын молынан жаудырған тарихи бiр күн.

Мәулiт (арабша) – қазақша «туылған күн» деген мағынаны бiлдiредi.

Мәулiт күнi адам баласын надандық пен жаһилиет қараңғылынан жарыққа шығарған күн.

Мәулiт күнi – пұттардың жерге құлап, мыңдаған жылдар бойы сөнбей келе жатқан отқа табынушылардың оттарының сөнген күнi. Арабтардың бұрын қолданған күнтiзбесi болған «Пiл оқиғасы» Пайғамбарымыздың ﷺ туылуынан 50-52 күн бұрын болды. Ол дүниеге келген таң басқаша бiр ғажап әлем едi. Дүние нұрға толды.

Пайғамбарымыз ﷺ Арабыстанда дiнiмiздегi ең қасиеттi де құрметтi, адам затының тұңғыш атасы Адам мен Хауа анамыз жер бетiне түскеннен соң ұзақ жылдардан кейiн сағынышпен жолығып мекендеген, Аллаһ тағаланың нұры жауып тұратын үй болған Мекке қаласында Һишам әулетi махалласында Абдуталибтың үйiнде хижри жыл санауы бойынша Раби-ул-әууал айының 12-шi күнi, милади жыл санауы бойынша 571 жылы сәуiр айының 20 шы күнi дүйсенбiде дүниеге келдi.

Ол дүниеге келген таң ғажап едi. Дүние нұрға толды. Әкесi Абдулла қайтыс болғандықтан ұлын көре алмай кеттi. Келiнi Әминаның нұрлы бiр перзент көргендiгiн есiтiп, атасы Абдумутталиб қатты қуанып оған Мұхаммед деп ат қойды. Бұл араптарда болмаған ат едi. Бiрақ Алла Тағала алдыңғы пайғамбарларға келтiрген Iнжiл, Таурат секiлдi кiтаптарда айтылған сөздерiн ақиқатқа шығару мақсатында бұл есiмдi (яғни Мұхаммед) атасы Абдумуталибтiң жүрегiне салды. Араб халқында жалпы адам баласында мұндай есiмдi адам болмаған.

Мұхаммед сөзiнiң түбiрi мақтау, ризашылық дегендi бiлдiредi. Осы сөзден мақтау, мадақ. Мақтаулы, ең мақтаулы деген сөздер туындайды. Сөйтiп Пайғамбарымыздың ﷺ үш аты бар: Мұхаммед, Ахмед, Махмуд.

Пайғамбардың келетіні жайлы Мұхаммед ﷺ келместен бұрын Мұса, Иса сияқты пайғамбарларға айтқандығын және де оның Мұхаммед болатындығын хабар бергендiгi жайлы Құран Кәрiмде келген:

«Мен жақында оларға өздерiне саған ұқсас пайғамбарды жiберемiн. Сөзiмдi оның аузында қыламын. Оларға ол тек мен бұйырған нәрсенi ғана айтады. Кiмде-кiм менiң атыммен сөйлеп жатқан сөзiне мойынсұнбаса, ондай кiсiлерден өзiм өш аламын.»

Иса Iнжiлде өзiнен кейiн “Фарақлит” атты соңғы пайғамбар келетiндiгiн сүйiншiлеген. Фарақлит яһуди тiлiнде болып арабшада Мұхаммед яки Ахмад деген есiмдермен мағынасы сәйкес. Осыны Құран кәрiмдегi Саф сүресiнiң 6-аяты растайды:

Ей, Исрайыл ұрпақтары! Кезiнде Иса Мариям ұлы сендерге менi Алла Тағала жiберген, өзiмнен бұрын келген Тауратты растаушы, өзiмнен соң “Ахмед” атты пайғамбар келетiнi туралы қуанышты хабар әкелушi пайғамбармын”, –деген.

Демек, атасы Абдул-Мутталиптың немересiне Мұхаммед ат қойуы жайдан-жай емес, ол Алла Тағаланың оның жүрегiне салғандығынан.

Алла Тағала Тәубә сүресiнiң 128-шi аятында:

«Расында сендерге iштерiңнен ардақты бiр Пайғамбар келдi. Оған қинауларың ауыр тиедi. Сендерге өте ынтық, мүминдерге өте жұмсақ, ерекше мейiрiмдi»,-дейді.

Әмина апамыз басқа әйелдер сияқты толғақ қиыншылығын көрмедi. Түсiнде бiр кiсi келiп: «Ей, Әмина! Сен, шынында әлемдегi адамдардың ең жақсысына жүктiсiң. Туғанда атын Мұхаммед деп қоясың!»,-дедi. Ол: «Туу уақыты жақындағанда құлағыма бiр қатты дауыс келдi, қорқып кеттiм. Дереу бiр ақ құс келiп қанатымен арқамды сипады. Қорқыныш пен үрейден құтылдым. Бiр жаныма қарасам, маған бiр ақ кесемен шербет ұсынылды. Iшiп едiм, айналам нұрға толды. Сол сәтте Мұхаммед дүниеге келдi. Айналама қарасам Әбдiманап қыздарына ұқсас, бiрақ ұзын бойлы бiрнеше қыз менi айналып тәуеп еттi. Таң қалып: «Бұлар кiмдер екен деп ойланып қалдым»- дедi.

Хазретi Мұхаммедтi ﷺ туу кезiнде Әмина апамыздың көзiнен перде көтерiлген едi. Жәннаттағы хор (үр) қыздарын, перiштелердi көредi, бiрнеше әдеттен тысқары нәрселердi көредi. Жанында Әбдiрахман бин Ауфтың апасы Шифабер едi. Ол кiсi көргендерiн баласына айтады.

Хазретi Мұхаммед туылған соң атасы Абдул-Мутталиб үлкен той жасайды. Құрайш руының ұлықтарын шақырады. Сүйiктi немересiне қандай ат қойдың дегенде: «Мұхаммед» деп ат қойдым»,-дедi.

Олар: «Ата-бабаларымыздың арасында мұндай аты бар адам болмаған, бұл атты қоюдағы мақсатыңыз не?»,-деп сұрады.

Абдул-Мутталиб: «Мен немеремдi аспанда Хақ Тағала, жерде халық көп мақтайды деп үмiттенемiн »,- деп жауап бердi.

Пайғамбарымыз ﷺ туылған күнi әдеттен тыс бiрнеше оқиға болды:

Иранның ескi орталығында Мәжусилердiң (отқа табынушылар) мың жылдан берi сөнбей жанып тұрған оттары сөнiп қалады, «Мадаин» қаласында патша сарайының 14 балконы құлайды. Ирандағы Сауа көлi бiр түнде құрғап қалады. Құрғап қалған Самауа өзенi суға толып тасиды. Қағбада 360 пұт жерге құлап түседi.

Хазретi Мұхаммедтiң шыққан тегi: Хазретi Мұхаммедтiң атасы Абдул-Мутталиб, әкесi Абдуллаһ, анасы Уахабқызы Әмина. Шыққан тегi хазретi Исмаил ﷺ ұрпағы Аднанға барып тiреледi. Әкесi Абдуллаһ Хашим әулетiнен, анасы Әмина Зухра әулетiнен едi. Екеуi де меккелiк, Құрайш руынан болатын. Атасы Абдул-Мутталиб жасы ұлғайған соң ұлы Абдуулаһты үйлендiрудi армандайтын. Абдуллаһ ұлдарының iшiндегi ең тәуiр көретiнi едi. Ол Меккенiң қалаған қызын алатындай сымбатты жiгiт едi. Әкесi оны Бәни Зухра әулетiнiң көсемi Уахб бин Абдуманаптың қызы Әминаны мақұл көрдi. Әмина да Құрайш қыздарының арасындағы сұлуы едi. Құда түсiп, той жасап Әминаны баласы Абдуллаһқа қосады. Абдуллаһ сауданы кәсiп ететiн. Бiр сапарында Мәдинеде нағашыларының үйiнде қатты науқастанып қалады да, сол жерде 25 жасында қайтыс болады. Әмина жүктi едi, босануына екi ай қалған-ды. Бiрақ тағдырдың жазуымен әкесiне перзентiн, перзентiне әкесiн көру нәсiп болмады.

Мекке ақсүйектерiнiң бiр әдетi бар едi: балаларын қала сыртындағы тайпаларының әйелдерiне емiздiрiп, бақтыратын едi. Себебi Меккенiң ауасы өте ыстық едi, кiшкене сәбиге ауыр тиетiн. Мекке айналасындағы тайпалардың әйелдерi анда-санда Меккеге келiп, емiзуге бала алатын едi.

Сағид тайпасынан Халима атты бiр әйел емiзу үшiн Мұхаммедтi сұрады. Алғашында жетiм екенiн бiлiп, екi ойлы болған, кейiн алғанына бек қуанды.

Халима оны өз баласындай жақсы көрдi. Күйеуi Харис Халимаға былай дейтiн: «Халима, бұл баланың қадамы бiз үшiн құтты болды. Ол келгелi малымыздың сүтi, сүтiмiздiң майы көбейдi. Үйiмiзге береке келдi. Мен, бұл баладан басқа бiр нәрсе сезiп тұрмын!»

Халима апамыздың қасында тұрғанда Пайғамбарымыздан ﷺ ол кiсi әдеттен тыс бiрнеше iстер көрдi.

Пайғамбарымыз ﷺ 4 жасқа дейiн Халиманың бауырында өстi.

6 жасында Мәдинеге сапар шегiп, қайтып келе жатқанда, анасы Әмина қайтыс болады. Сегiз жасқа келгенде, атасы Абдулмутталиб көз жұмады. Сөйтiп ол жетiм қалып, немере ағасы Абуталибтiң қолында өседi.

Түндердiң ең ұлықтарының бiрi – осы Мәулiт түнi. Себебi бұл түн болмағанда, хазiрет Мұхаммед ﷺ бұл түнi дүниеге келмегенде, арш- күрсi, лаухул-махфуз, жәннат-дозақ, аспан мен жер, адам мен жын, яғни ешнәрсе жаратылмас едi. Себебi пайғамбарлық Мұхаммедке ﷺ дүние жаратылмастан бұрын берiлген.

Хадис қуддусийде Алла Тағала былай дейдi:

«Ей, Мұхаммед! Сен болмағанда мына он сегiз мың әлемдi (аспан мен жердi) жаратпаған болар едiм».
«Бiз сенi бүкiл әлемге рахмет етiп қана жiбердiк». («Әнбия» сүресi, 107-аят).

Алла Тағала пайғамбарымыз Мұхаммедтi ﷺ әлемдерге өз мейiрiмiн түсiру үшiн жiбердi. Демек, хазретi Мұхаммед ﷺ дүниеге келген күн – Алла Тағаланың бүкiл әлемге рахым-мейiрiмi молынан түскен күн. Бүкiл 18 мың әлем бұл оқиғаны күткен едi. Алла Тағала құлдарын есiркеп, қараңғылық, надандық батпағынан жарыққа шығару үшiн сүйiктi пайғамбарын жiбердi.

Түндердiң ең ұлығы – осы Мәулiт түнi. Қасиеттi Ләйләтул-қадiрден де жоғары. Себебi бұл түн болмағанда, хазрет Мұхаммед ﷺ бұл түнi дүниеге келмегенде, арш күрсi, лаухул-махфуз, жәннат, дозақ, аспан мен жер, адам мен жын, яғни ешнәрсе жаратылмас едi. Себебi пайғамбарлық хазретi Мұхаммедке ﷺ дүние жаратылмастан бұрын берiлген едi.

Сахабалар: «Ей, Алланың елшiсi! Пайғамбарлық саған қашан берiлдi?» — деп сұрағанда, Пайғамбарымыз ﷺ былай деп жауап бердi: «Адам рух пен дененiң арасында болған кезде…»

Бұл күнi туылған Пайғамбарымыздың ﷺ құрметiне барлық нәрселер жаратылып жоқтан бар болды. Себебi ол Аллаһтың сүйiктiсi едi. Ол Хабибуллаһ едi, ол Расуллаһ едi, ол Мұхаммед, ол Ахмед едi. Ол Елшiлердiң Қожасы едi. Ол пайғамбарлардың сардары едi. Ол адам мен жындардың пайғамбары едi. Ол нұр, сираджи-мунир едi. Ол Мұстафа, ол Муғитаба едi. Ол әлемдердiң рахметi – рахматал-лилаламин едi. Ол шафиғул – музнибин (күнаһарлардың шапағатшысы) едi. Ол түнi Қағбадағы пұттардың барлығы жерге құлады, Лат, Узза, Манат және Хубал делiнген 4 үлкен пұт быт-шыт болды. Қағбаның дуалдарынан: «Сүйiншi! Бұл түнi әлемнiң күнi туды. Ол бiздердi пұттардан, мүшриктердiң зұлымдығынан құтқарады. Оның үмметi бiздi жалаң аяқ тәуеп етiп, Құдайға жетедi (хақиқатқа жетедi)» — делiнген дауыстар естiлдi.

Бұл түнi әлем басқаша болды. Балгерлер тiлi күрмелдi. Таулар, тастар және ағаштар сәжде еттi. Қағба сәжде етiп, қиямға тұрады. Мұны көрген мүшриктер таң қалып: «Бүгiнгi түн не болып кеттi?» – дестi.

Бұл түнi Алланың сүйiктiсi, көкте Ахмед, жерде Мұхаммед деп аталған ұлық бiр адам дүниенi нұрландырды.

Бұдан былай иахудилердiң жұлдызы сөндi. Кәпiрлер мен залымдарға қорқытушы, ескертушi жiберiлдi. Алла Тағала Құран Кәрiмде бұл туралы былай дейдi:

«Әй, Пайғамбар! Сөз жоқ, сенi бiр куә әрi қуантушы, ескертушi етiп жiбердiк. Аллаһ жаққа, Оның нұсқауымен шақырушы бiр нұрлы шырақ түрiнде жiбердiк. Мүмiндердi рас оларға Алладан, iрi игiлiк барлығын шүйiншiле. Кәпiрлер мен мұнафықтарға бой ұсынба. Олардың жәбiр-жапаларын елеме. Аллаға тәуекел ет. Алла кепiлдiкте жетедi». («Азхаб» сүресi, 45-48 аяттар).

Сүйiктi Пайғамбарымыз ﷺ бiр хадис-шарифiнде былай деген: «Кiмде-кiм таңертең және кешке: «Раббым – Алла, дiнiм – Ислам, Пайғамбарым – Хазретi Мұхаммед ﷺ деп шын көңiлiммен сендiм»,- десе, ол кiсi ақиқат жәннәтқа кiредi».

Ардақты Пайғамбарымыз ﷺ жаратылысы мен мiнезi жөнiнен адамдардың ең кәмiлi едi. Орта бойлы, екi алақаны мен екi жауырынының (екi иығының) арасы кең едi. Басы үлкен, денесi семiз де мемес, арық та емес, орташа денелi. Көздерi қара, кiрпiктерi өте ұзын едi. Бiр жағына бұрылса, бүкiл денесiмен бұрылатын, тек мойнын ғана бұрмайтын едi. Саусақтары да ұзан едi. Екi алақаны еттi, iрi сүйектi, iрi кеуделi, күштi, қуатты едi. Терiсi жiбектен де жұмсақ едi. Қастары иiлген жаңа туған айдай, қалың, бiр-бiрiне қосылмайтын. Екi қасының ортасында бiр тамыры болатын, ашуланғанда қозғалып тұрар едi. Қыр мұрынды, сақалы үлкен және қалың, дөңгелек жүздi, қызыл шырайлы, жүзiнен нұр тамып тұратын. Екi жауырынының ортасында мухри нубууат, яғни пайғамбарлық мөрi бар едi, өзi де пайғамбарлардың ең соңы едi. Мүбарак тiстерi маржандай тiзiлген, аппақ болып жалтырап тұратын, сөйлегенде алдыңғы тiстерiнен нұр шашылып тұратын. Денесi тап-таза, хош иiстi едi. Терлегенде де одан әдемi иiс шығып тұратын. Бiр кiсiмен қол берiп амандасса, ол кiсi күнi бойы сол иiске бөленiп, көңiлi хош жүретiн. Мүбарак қолымен бiр сәбидiң басын сипаса, ол сәби басқа сәбилерден хош иiсiнен ерекшеленiп шыға келетiн. Туылғанда денесi майланған таза, сүндеттелген және кiндiгi кесiлiп туылған едi. Өте сезiмтал, алыстағыны еститiн едi, адамның көзi жетпейтiн жердегiнi көретiн көреген едi. Қимылы орташа болатын. Жүргенде жеңiлдiкпен адымдап, тез-тез жүретiн, сырттан қарағанда жәй жүрiп бара жатқан сияқты болып көрiнетiн, бiрақ жанында бара жатқандар тез жүрсе де артта қалып қоятын. Бос сөз сөйлемейтiн, әрбiр сөзi хикмет және насихат едi. Сөйлескенде әркiмнiң ақылы мен қабiлетiне қарай сөйлесетiн едi. Жылы жүздi, тәттi сөздi болатын. Ешкiмге жаман сөйлемейтiн, ешкiмге жамандық жасамайтын, ешкiмнiң сөзiн бөлмейтiн. Мүләйiм, жұмсақ мiнездi, әрi кiшiпейiл едi. Айбатты және байсалды едi. Қатты күлмей, тек жымиып күлетiн. Қарағанда көз қырымен қарайтын. Сахабаларды алдына жiберiп, өзi соңында жүретiн. Кiмге болса да бiрiншi болып сәлем беретiн.

Ұлық кiсiлерге, дәрежелерге қарай құрмет көрсететiн. Туған-туыстарын қатты құрмет тұтатын, үй-iшiмен, сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын. Басқа адамдарға жұмсақтық көрсететiн. Қызметшiлерiн жақсы көретiн, өзi не iшсе, не кисе, қызметкерлерiне де соны iшкiзетiн және кидiретiн.

Өте жомарт, қолы ашық, мейiрiмдi, жұмсақ мiнездi едi. Уәдесiне берiк, сөзiнде тұратын. Қорыта айтқанда, жаратылысы да, мiнезi де әдемi көркем жiбектей едi, адамдардың ең кәмiлi, теңдесi болмаған жан едi.

Пайғамбар ﷺ Алла Тағаладан әрдайым әдемi мiнез-құлық сұрайтын:

«Ей, Алла! Жаратылысым және мiнезiмдi жақсы қыла көр!»

Алла Тағалада ол туралы Құран Кәрiмде:

«Шын мәнiнде сен, әлбетте, ұлы мiнезге иесiң» – деп айтқан едi.

Құрметтi мұсылман бауырлар! Пайғамбарымыз ﷺ туылған күндi мейрам етiп жаңғыртайық. Бiлмейтiндерге, бұл күнi Пайғамбарымыз ﷺ дүниеге келiп, дүниенi нұрландырған күнi екенiн үйретейiк. Пайғамбарымыз ﷺ өмiрiнен, оның жiбектей мiнез-құлқы мен пәк жаратылысын бiр-бiрiмiзге айтып еске түсiрейiк. Оның өнегелi, тек қана жақсылыққа толы өмiрiнен, көркем мiнез-құлқынан үлгi алайық.

Мәулiт күнi мешiттерге барып, мәулiт-шәрiп және уағыз-насихат тыңдайық. Мүмкiндiгiнше бала-шағамызды да бiрге ала барып, оларға да тыңдатып, үлгi көрсетуiмiз керек. Олардың да көңiлдерiнде мешiтке, жамағатқа деген ықыластары артып, Алла Тағала және Пайғамбарына деген сүйiспеншiлiгi күшеюi үшiн, өзiмiзбен бiрге ала барған жөн. Келешек ұрпағымызға Аллаға құл, Мұхаммедке ﷺ үммет болудың қандай шарапатты нәрсе екенiн сезiндiрейiк. Харам нәрселердi iстемеудi, Ислам және Құран жолын мықтап ұстауды үйретейiк.

Бұл күнi қаза болған намаздарымызды оқып, тәубе етiп, истиғфар айтуымыз керек. Алладан күнәларымыздың жарылқауын тiлейiк. Пайғамбарымызға ﷺ көп-көп салауат айтып, Құран Кәрiм оқып, сауабын Пайғамбарымыздың ﷺ рух-шарифiне, сахабаларына, ата-бабаларымыздың және барлық мүмiндердiң рухына бағыштайық. Балаларымызға оның мәнi мен маңызын түсiндiрейiк.

Мәулiт шарапатымен көңiлдерiмiздi тазалап, Аллаға және Пайғамбарымызға ﷺ деген махаббатымызды арттырайық. Себебi Пайғамбарымыз ﷺ хадис-шарифiнде:

«Сендердiң ешқайсыларың менi ата-анасынан, бала-шағасынан және барлық адамзаттан артық жақсы көрмейiнше, шын иман келтiре алмайсыңдар» — деген.

Мысырда Пайғамбарымыздың мәулiтi жазылып, көпшiлiкке оқылуы әдетке айнала бастаған кездi тарихшылар Мысырдағы фатимидтер билеп тұрған тұс дейдi. Сол кезеңде ресми мейрам етiлдi, алайда халық арасында кең көлемде таралмады. Сунниттiк бұлақтар бойынша мәулiттi мейрам етiп ұйымдастырған Мұзаффар ад-дин Көкбөрi, соңынан Салах ад-дин әл- Айюбидiң қолдауымен алғаш рет жалпылама жоғарғы Месопатамиядағы Ирбил қаласында 1207 жылы аталып өттi. Бұл мейрам ХVI – XVII ғасырларда Осман империясының ресми мейрамы болып бекiтiлген.

Мейрамның пайда болуы сунниттiк ғалымдардың арасында көптеген қайшылықтар туғызды. Алайда бұл мейрамды ижма “бидағат хасана” деп бекiттi. Сол дәуiрдегi суфизмнiң дамығандығынан және имамдардың, сопылық шайхтарының белсендi еңбектерiнiң арқасында бұл мейрам кең өрiс алды.

Қазiргi таңда бұл мейрам көптеген мұсылман елдерiнде аталып өтiледi. Мысалы, Каир көшелерiнде салтанатты шерулер өткiзiлген. Пәкiстанның ресми мейрамы, ол күнi демалыс күн етiп берiлген.

Марокко тарихшысы әл-Ифрани былай деп жазады: “Жұрт жайғасқаннан соң, ислам ғұламасы алға шығады да пайғамбардың iзгi сипаттары жайлы әңгiмелейдi. Оның туғанынан бастап өмiрiнiң соңына дейiн басынан кешкен жәйттерiн саралап шығады”. Осындай уағыздар мен онда баяндалатын кейбiр оқиғалар желiсi маулидийа дастандарының шығуына себеп болған сияқты.

Алайда пайғамбарға жыр арнау дәстүрi оның көзi тiрi кезiнде де болған. Мысалы, Каб бин Зухайыр атты ақын оған “Банат Суад” атты поэмасын арнаған. Осы ақынға елiктеп көптеген шайырлар да пайғамбарға өз жырларын бағыштаған.

Маулудийа поэмаларында Мұхаммедтiң ﷺ туғанынан бастап бақилыққа көшкенге дейiнгi өмiрi жайлы айтылады. Ол құрылымы жағынан араб әдебиетiнiң дәстүрлi жанрларының бiрi — қасидалардан алшақ емес. Мұхаммедтiң ﷺ ерекше жаралғандығы мен керемет қасиеттерi жөнiндегi әңгiмелердiң кең тарауына байланысты Пайғамбардың туған күнi мәулiттi жыл сайын тойлап отыру дәстүрi өмiрге осылай келген.

Мәулiттiң тойлануына ислам ғұламалары жоғары баға берген. Имам Науауи:

“Жыл сайын Пайғамбарымыздың ﷺ туылған күнiне сәйкес келетiн осы күндерде iстелетiн садақалар, амру-маруф және адамдардың бойынан көрiнетiн көркем мiнездiлiк пен қуанышты iстер осы заманымыздың ең жақсы жаңалығы”, — деген.

Мұсылмандар бiр iстi жақсы деп санаса, ол iс Алланың алдында да жақсы. Себебi хадис – шарифте:

“Мұсылмандар жақсы деп санаған iс, Алла Тағала алдында да жақсы”, — делiнген имам Ахмад риуаятында.

Жүнайд Бағдади:

Кiмде-кiм Пайғамбарымыздың ﷺ Мәулiтiне қатысып, оны ұлықтаса. Ол шынында да иманды”, – деген.

Хасан Әл-Басри:

Менiң Ухуд тауындай алтыным болса, оны Пайғамбарымыздың ﷺ Мәулiтiн оқытуға жұмсар едiм”,– деген.

Жалалуддин Суюти:

Бiр үйде немесе мешiтте Пайғамбарымыздың ﷺ мәулiтi оқылса, сол үйдiң немесе мешiттiң адамдарын перiштелер қоршап алады, олардың барлығына Алла Тағаланың рахметi жауады және үйiне нұрмен оралады. Себебi перiштелер Пайғамбарымызға ﷺ Мәулiт оқығаны үшiн ол адамға салауат айтып тұрады”, – дейдi.

Құрметтi бауырлар! Қазақстан – ортақ үйiмiз. Олай болса, Алла Тағала бiзге дiни бiрлiк, имандылық, салауаттылық, татулық берсiн. Бауырларым! Отбастарыңызға қуаныш, береке, бiрлiк тiлеймiн. Мәулiт бiздiң басымызды тек қана қуанышта қоса берсiн.

Айрандай ұйып отырған халқымыздың ынтымағын Алла Тағала ұзағынан сүйiндiрсiн. Алла Тағала халықтарымызға амандық, жерiмiзге тыныштық берсiн. Пайғамбарымыз өсиет еткендей тазалық пен имандылықты ту етейiк. Лайым береке, бiрлiк биiгiнен көрiнейiк. Елбасы мен ел қамында жүрген азаматтарымызға ғинаят пен тауфиқ тiлейiк. Бауырларымыздың жүзiн жарқын қылсын. Әмин.

Құрметтi мұсылман бауырлар!

Пайғамбарымыз ﷺ дүниеге келер-келместен: «Үмметiм! Үмметiм!» деп бiздi тiледi, бiздiң ақыретте мәңгi тозақтан құтылуымызды Алладан жалбарына сұрады. Бiз болсақ, мұсылманға лайық емес тiрлiктер iстеймiз. Ұйқыдан оянайық! Пайғамбарға, сахабаларына салауат оқиық. Оны барлық нәрседен артық жақсы көрейiк.