Мешіт ұжымы ауызашар берді

      Он екі айдың сұлтаны, қасиетті Рамазан айында ораза тұтып, ниет еткен жамағатқа аудандық мешіт ұжымының қызметкерлері ауызашар берді. Жылдағы дәстүрге айналған бұл  игі іс мешіт қызметкерлерінің рухани азық арқалатар жиыны ретінде ұйымдастырылды. Уағыз-насихат айтылып, асыл дініміздің амалдары хақында ой салар әңгімелер сөз етілді. Ислам дінінің тарихынан сыр шертер сауалдар жолданып, дұрыс жауап берген көпшілікке мешіт тарапынан естелік сыйлықтар тарту етілді. Ауылдың ақылгөй қариялары мен ақ жаулықты аналары, ізетті ұлы мен қызы бас қосқан ауызашарға ел алдында жүрген ауданның атқамінер азаматтары келіп, ораза ұстаған көпшілікке қабыл болсын айтты. Аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрлыбек Есполов, қажы аналар Бибісара Есімханқызы мен Камила апа дінге бет бұрып, жүректеріне иман ұялатқан жастар қауымының қарасы соңғы жылдары саны артқаны көңілге мол қуаныш екенін айтып, ауызашарға келген барша жамағатқа дұға-тілектерінің қабыл болуына тілектес екендерін жеткізді.

     Аудандық мешіттің бас имамы Мерғали Оспан Рамазан айы тақуалық пен сынақ, кешірім мен сабырлылық үндейтін, қайырымдылықты молынан жасайтын ең ең қайырлы ай екенін айтып, күллі мұсылман баласы  қуана күтіп, құрметпен қарайтынын жеткізді. Жақсылықты жарыса жасап, сәуапқа кенелетін мұсылман қауымы үшін амалдарын арттыратын ай екенін, осынау қасиетті айда ораза тұтқан барша жанға ниеттерінің қабыл болуына тілектес екенін білдірді.

          Ал наиб имам Абдилсамет Тойқылды ауызашарда келген  көпшілікке Рамазан айында тұтқан оразаның мұсылман баласы үшін пайдасы мен тағылымы туралы ойын ортаға салса, Ұланбек Асығатбек атты әнші азамат илаһи әндер орындап берді.

        Жалпы ораза ұстаған жамағатқа ауызашар беріп, сауапты іс атқарып, рухани жиын ұйымдастырған дін қызметкерлеріне келген жұрт ризашылықтарын айтып, ауыл қариялары ақ батасын берді.

Кәусар Арықханқызы.