Семей «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Семей аймағы бойынша өкілдігі жаңа оқу жылы қарсаңында  «Мектепке жол»,  атты қайырымдылық акциясын өткізді.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынып отырған игі шараны өткізудегі басты мақсат көп балалы отбасы балаларына әлеуметтік тұрғыдан қамқорлық көрсету болып табылады. Осының нәтижесінде балалар жаңа оқу жылына даярлықпен барады. Бұл жолғы шара да осыны мақсат тұтты.

ҚМДБ Семей аймағы бойынша өкіл, имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы игілікті шараның маңыздылығына тоқталып, оның төл дінімізде де сауапты амал екендігін, жас шағында мейірім көрген баланың есейгенде де айналасына қамқор көзбен қарап, мейірімді болып өсетінін айтып өтті. Семей қаласы бойынша 150 оқушыға мектеп оқу құралдары салынған сөмкелер табысталды.

Аз қамтылған отбасы балалары үшін бұл сыйлықтар үлкен көмек екені белгілі.  Келген ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай», — деп ақ тілектерін жаудырды.

 Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.