«Нұр Астана» мешітіне бас имам тағайындалды (ФОТО)

Астана қаласындағы «Нұр Астана» мешітіне жаңа Бас имам тағайындалды, деп хабарлайды ummet.kz тілшісі. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен бас имам қызметіне осыған дейін «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы қызметін атқарған Нұрлан Рамазанов тағайындалды.

ҚМДБ-ның Насихат және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Алтынбек Ұтысхан  қасиетті жұма намазына жиылған жұртшылықпен жүздесіп, жамағатты жаңа Бас имаммен таныстырды.

Бұған дейін «Нұр Астана» мешітінің бас имамы қызметін абыроймен атқарған Асқар Мұқанов басқа қызметке ауысты.

Бас мүфтидің бұйрығын оқып берген Алтынбек Ұтысханұлы Нұрлан имамды жаңа қызметімен құттықтай отырып, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Жаңа жауапты қызметке ауысып бара жатқан Асқар имамға жамағаттың атынан рахмет айтып, алғыс білдірді.

Рамазанов Нұрлан Бекболатұлы

Нұрлан Бекболатұлы 2003-2005 жылдары Алматы қаласы «Тайба» қазақ-араб колледжінде, 2005-2009 жылдары «Нұр Мүбәрак» Египет Ислам мәдениеті университетінің «Исламтану» факультетін оқып, тәмәмдаған.

Сирия-араб республикасының Дамаск қаласындағы «Фатхул Ислам» институтында, Египет-араб республикасының астанасы Кайр қаласындағы «Әл-Азһар» университетіне қарасты имамдардың білімін жетілдіру курсында, Кайрдағы «Нил» араб тілі орталығында, Александрия қаласындағы Уақф және Ислам істері министрлігіне қарасты «Әбу Бәкір Сыддық» орталығында діни білімін жетілдірген.

2009-2011 жылдары Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы, 2011-2013 жылдары Атырау облысы, Құрманғазы аудандық «Темірәлі» мешітінің бас имамы, 2013-2014 жылдары Атырау облыстық «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы, 2014-2017 жылдары «Нұр Астана» орталық мешітінің наиб имамы, 2017-2019 жылдары Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы қызметтерін абыроймен атқарған. Осы уақытқа дейін «Садуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы қызметін атқарып келді

Сондай-ақ, деструктивті діни ағым өкілдерімен идеологиялық түсіндірме жұмыстарын жүргізу тәсілдері және діни ортада мемлекеттік саясатты қалыптастыру бойынша көптеген семинарлар мен білім жетілдіру курстарына қатысқан және арнаулы мақтау қағаздарымен марапатталған.

2014-2019 жылдары ҚМДБ-ның Елордадағы өкілдігінің жат ағыммен жұмыс жүргізу бағытында үйлестіруші имам және ЖАНТ мүшесі болды. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның РАНТ мүшесі. Деструктивті жат ағым өкілдеріне арналған «Әт-Тәуил: оған қатысты аһлу сүннеттің ұстанымы» атты әдістемелік құралдың авторы, «Кәлилла уа динна» кітабын қазақ тіліне аударушылар тобының мүшесі.

Елорда әкімдері Ә. Исекешевтың және Б. Сұлтановтардың арнайы алғыс хатымен марапатталған.