Алтын көпірге айналған академик еді

Алтын көпірге айналған академик еді

Нұр-Мүбарак университетінің алғашқы ректоры, академик Махмуд Фахми Хижазидің өмірден өтуіне байланысты ғұлама ғалымның отбасы, туыс-жақындарына, бүкіл Мысыр халқына Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы қайғырып көңіл айтады.

Әлемдік ғылым саласына орасан із қалдырған энциклопедист ғалым Махмуд Фахми Хижазиді Каир және Мюнхен университетінде тәлім алған. Еңбек жолын Каир университетінің әдебиет факультетінен бастаған ол 1975-1980 жылдар аралығында ALESCO Халықаралық ұйымы Бас директорының кеңесшісі, Каир университетінің профессоры (1978), 1984-1993 жылдар аралығында ISESCO Халықаралық ұйымының тіл жөніндегі сарапшысы, 1985-2001 жылдары Египет Араб Республикасы Жоғары білім министрлігінің профессорлық дәрежесін тағайындайтын Комитет президенті, 1994-1997 жылдары ЕАР Үкіметі жанындағы Ұлттық кітапханалар мен мұрағаттау комитетінің төрағасы, 1999 жылдан ЕАР Араб тілі академиясының академигі болды. Ал 2002 жылы Қазақстанда ашылған алғашқы және жалғыз ислами жоғары білім ордасы – Нұр-Мүбарак университетінің ректоры болып тағайындалып, оқу орнының қалыптасып, дамуында 13 жыл еңбек етті. «Неміс-араб сөздігін» (1965-1975 жылдар) құрастыруға атсалысып, Мысыр, Малайзия, Кувейт елдерінде орта мектеп және жоғары оқу орындарына арналған 30 шақты оқулықтың авторлар құрамында болды.

«Араб тілінің тарихы» (1968), «Дәстүр мен модернизация аралығындағы тіл білімі» (1970), «Арабша тіл білімі» (1976), «Арабша заманауи ой тарихы» (1976), араб және неміс тілдеріндегі «Мәдениеттер диалогы» (2004) кітаптарының авторы. Сондай-ақ Фуад Сезгиннің «Араб мұрасының тарихы», Карл Брокельманның 11 томдық «Араб әдебиетінің тарихы» (1999) еңбектерін аударған. Көптеген тілде 150-дей мақаласы жарық көрген. Египет, Судан, Малайзия, Қазақстан елдерінде жоғары білімге арналған оқу бағдарламаларын құрастырып, 150-ден аса докторлық, магистрлік диссертацияларға ғылыми жетекшілік жасаған.

Мысырдағы университеттерде араб және өзге тілдерді меңгеру саласында ғылыми мектеп қалыптастырған ғалым. Араб, ағылшын, неміс, француз, көне семит тілдері, суахили, латын, түрік тілдерін меңгерген. Мысыр Жазушылар одағының тұрақты мүшесі. Bundesverdienstkreuz (ФРГ, 1998) ордені, ЕАР Ұлттық ордені (1999), Каир университетінің төсбелгі мен мадақтамасы (1999), Халықаралық «Файсал» сыйлығының (2019) иегері. Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезд секретариатының X отырысына, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV съезіне қатысушы. Отбасы, екі қызы және немерелері бар.

Академик Махмуд Фахми Хижази тек араб тілі ғылымында ғана емес, әлемдік тілдерді меңгеруде ғылыми із қалдырып, Нұр-Мүбарак университетін құрушы ғана емес, Мысыр мен Қазақстан арасындағы алтын көпірдің нығайуына ат салысушы ғалым ретінде тарихта есімі алтын әріптермен жазылары хақ.

Нұр-Мүбарак университеті