«Рухани жеті қазық» әйел жамағатына насихатталды.

Семей қаласы «Қос мұнаралы» орталық мешітінің қолдауымен  «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен  «Жеті рухани қазық» атты  Семей аймақтық әйел-қыздар форумы өтті.  Рухани шарада ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Жеті рухани қазық» тұғырнамасының маңызы мен мақсаты насихатталды. Аталмыш шараға ҚМДБ Семей аймағы бойынша өкіл имам Асқар Әбітайұлы, «Әжелер мектебі» мүшелері, студент жастар, ұстаздар мен мешіт жамағаты қатысты. Жеті қазықтың әр тармағына жеке тоқтала отырып ашықтаған Асқар Әбітайұлы  « Бұл тұғырнама  әрбір мұсылманның бойында табылуы тиіс  негізгі жеті көркем сипатты қамтиды» деп атап өтті.  Қатысқан студент жастар «Жеті рухани қазықтың» әр тармағына арнап дайындаған  баяндамаларын оқыды. Семей медицина университетінің 3 курс студенті Мусина Айсұлу «Жеті рухани қазық жетеумен шектелмейтіні анық. Бірақ осы негізгі  жетеуін біз мемлекеттен не қоғамнан бастап емес, өз отбасымыздан бастап насихаттасақ, болашақ ұрпағымыз да текті, салиқалы, иманды болмақ»деді. «Әжелер мектебі» мүшелері де Осы тұғырнама арқылы халыққа дұрыс, жүйелі түрде бағыт бағдар беріліп, халқымыздың өзінің рухани құндылықтарын өз батырлары арқылы, қазақтың Темірқазығы Абай атамыз, Шәкәрім атамыз арқылы, өз рухани қазынамызды ұмыт қалдырмай, халық санасын жаңғыртып осы жеті қазығымыз жемісті жүзеге асуына тілектес екендерін жеткізді. Форум соңында алғыстарын айтып ,еліміздің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін дұға жасады.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.