Аягөз ауданы, Тарбағатай ауылында жаңа мешіт ашылды

              Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында заман талабына сай, көк күмбезді жаңа мешіт салынды. Жаңа мешіттің ашылу салтанатына аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев, ҚМДБ – ның Семей өңірі бойынша бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлы және жан – жақтан келген қонақтармен қатар ауыл тұрғындары қатысты.

                 Қасиетті жұма күні ашылған мешітте  бас имам Асқар Әбітайұлы ҚМДБ – ның Төрағасы Бас Муфти Серікбай қажы Ораз хазіреттің ыстық сәлемін жеткізді,  құттықтау сөз сөйлеп, жаңа имандылық үйінің ауыл жұртшылығы үшін ізгілікке насихаттаушы, мейірімділік пен бірлікке шақырушы орынға айналуын тіледі. Мешітке қасиетті Құранмен сый – сияпат табыстап, уағыз – насихат айтып, алғашқы жұма намазын өткізді.

            Жұма намазынан соң ауылдағы «Молдабек» мейрамханасында ас беріліп, мешіттің салынуына атсалысқан азаматтарға алғыс айтылып, бас имам атынан алғыс хаттар табыс етілді. Салтанатты шарада Құран оқылып, еліміздің амандығын тілеп, дұға жасалды.

Аягөз қалалық мешітінің баспасөз қызметі