ЖАМАҒАТ ЖАТ АҒЫМДАР ЫҚПАЛЫНДА КЕТПЕС ҮШІН…

Жуырда Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінде шаһардағы мешіт имамдары мен наиб имамдардың, дін қызметкерлерінің басын қосқан келелі жиын өтті.

Жиынды ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша Бас имамы Асқар Мұқанов өткізіп, жүргізіп отырды. Басқосуға өзек болған тақырып – өңіріміз бойынша дәстүрлі емес діни  ағымдардың таралуын болдырмау, азаматтарды, әсіресе жастар қауымын деструктивті бағыттағы топтардың ықпалына түсуден сақтандыру болатын.

Бүгінгі таңда мешіт имамдарының да алдында тұрған мұндай өзекті мәселелер күн тақырыбынан түспеуі тиіс екенін алға тартқан Асқар Әбітайұлы ата діннен жаза басқан жандарды дәстүрлі бағытқа шақыру үшін кешенді түрде шаралар легін жүргізу қажеттігін атап өтті. Ал, осынау орайда жамағаттың білім деңгейін көтеру бірінші кезекте тұруы тиіс. Сонымен қатар, мешіт имамдары мен наибтарының да біліктіліктері жоғары болуы керек.  Жиын барысында аталмыш мәселе кеңінен талқыланды.

Бүгінде Семей өңіріндегі діни ахуал тұрақты. Дегенмен, ұлттық танымға жат, мемлекеттік құндылықтарды, салт-дәстүрді мансұқтайтын ұстанымдардың таралуына жол беруге болмайды.

Семей қалалық Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі