Семейде азаншылар іріктеу сайысы өтті (ФОТО)

Ислам дінінде азанның алар орны ерекше екені белгілі. Азан - ислам дінінің бес парызының бірі - намазға шақыруды білдіреді.

Семей аймағы бойынша бас имамы Мұқанов Асқар Әбітайұлының басшылығымен   ҚМДБ-ның 30 жылдық мерей тойына орай IV республикалық “Әдемі әуезді азаншы” атты азаншылар іріктеу сайысы болып өтті.

Сайысқа қала аудан имамдары және 20 ға жуық азаншылар онлайн және офлайн түрінде қатысты.

Рухани бәйгеге төрелік еткен қазылар алқасы құрамында мешіттің Бас имамы Асқар Әбітайұлы, мешіт наиб имамы Ерлан Досымұлы, Жастар ісі секторының жетекшісі Айдын Сәлімханұлы, мешіт ұстазы Рашид Мейірбекұлы азан шақыруды өз нақышына келтіре айтқан азаншыларды сыннан өткізді.

Бұл амал жамағатты намазға шақыру үшін айтылатындықтан, азаншыға қойылатын басты талаптың бірі – оның даусының зор болуы, араб әріптерінің махраждарын жақсы білуі, азан дұғасын жатқа білу және азан кәлималары мен дұғасының мағынасын білу. Қазылар сайыскерлердің әдемі әуезімен қатар, оқу нақышын және азанның тарихынан да сұрақтар қойып отырды.

Азаншыларға әділ баға беріліп,топтан жақсы әуенімен құлаққа жағымды дауысымен топ жарған Төлеубекқажы мешітінің ұстазы Нұғыман  Ералы республикалық азаншылар жарысына  жолдаманы ұтып алды.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.