Дүниеге келуі, шын аты, лақаб аты мен ныспысы

 

Әбу Ханифа һижри жыл санауы бойынша 80 жылы (милади 699 жылы) Куфа қаласында Омеядтар (Әмәуи) халифасы Абдул Мәлік ибн Маруанның халифалық тұсында дүниеге келген[1]. Ата-бабасы Кабулдан қоныс аударған. Өмірінің елу екі жылын Әмауилер кезеңінде, ал қалған он сегіз жылын Аббасидтер кезеңінде өткізді.

Әбу Ханифаның әкесінің аты – Сәбит, атасының есімі – Зәута. Әбу Ханифаның ұлтын араб[2], набатей, түркі[3], т.б. дегендер кездескенімен, Әбу Захра оның дәулетті парсы әулетінен шықты деген көзқарасты көпшілік ғалымдар қолдайтынын айтады[4]. Атасы Зәута Вавилонда туылған. Бір риуаят бойынша, арабтар ол жерлерді қол астына алғанда атасы тұтқынға түсіп, Тайм ұрпағынан Сағләбәның немесе Бәкірдің ұрпағы Уәйлдің құлы болып, кейіннен азат етілген десе[5], екінші бір риуаятта оның ата-бабаларының ешқашан құл болмағандығы айтылған[6].

Имам Әбу Ханифа мәуәли ғалымдары санатынан. Осы мәуәли ұғымына келсек, ол араб тіліндегі сөздікте «Қорғаушы, көмекші, ие, дос, азат етуші қожайын, азат етілген құл» деген мағыналарды береді. Ал термин ретінде ол – өз еркімен Исламды қабылдаған ұлты араб емес мұсылмандарға берілген атау. Ал олар екі топқа бөлінеді. Алғашқысы соғыста тұтқынға түсіп құл болған, кейін иесі азат еткен мәуәлиул-итақа, екіншісі – жаулап алынған елдердің арасында тұтқынға түскенімен құл болмаған, араб тайпаларының біреуімен келісіп, қоғамда беделін сақтау үшін күшті рулармен келісімге келіп, паналаған араб емес мұсылмандар. Оларды «Мәуәлиул-Ислам, мәуәлиул-муалат, мәуәлиул-ахд» деп атаған[7]. Сондықтан, Әбу Ханифаның немересінің ант іше отырып, аталарының құл болмағандығын айтқанын ескерсек[8], Әбу Ханифаның әкесінің осы екінші топ мәулиден шыққанын айтуға негіз бар секілді. Әбу Ханифаның арғы атасы Мәрзубан (Мах) дәулетті кісі болған. Өйткені, мәрзубан – парсы тілінен аударғанда бай деген мағынаны білдіретін лақаб ат, әрі Пәхләуйлар мен Сасанидтер кезеңінде мәрзубан деген атақ аймақ басшыларына берілген атау.

Қалай дегенде де, атасының тұтқындалып, құл болуы ұзаққа созылмаған. Мұсылмандықты қабылдап, азаттығын алғаннан кейін аз уақыттың ішінде бұрынғы дәулеті мен беделіне қол жеткізген. Бұны атасы Зәутаның Куфада  төртінші халифа хазірет Алимен (р.а.) жолығып, Наурыз мейрамында оған мухаллаба (тәтті) сыйлағанынан байқаймыз. Өйткені, ол кездері халифаға тек байлар ғана мухаллаба сыйлай алатын еді[9].

Осы жиында хазірет Али (р.а.) Зәутаның қасындағы баласы Сәбитке ізгі ұрпақ нәсіп болуын тілеп, «Аллаһ тағала балаңызға және оның болашақ ұрпақтарына мол береке берсін!» деп дұға қылған[10]. Имам Ағзамның немересі Исмаил ибн Хаммад «Біз осы дұғаның қабыл болғанына сенеміз»[11], – дейді. Шын мәнінде, Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ұрпағын жалғастырған ілім дариясы хазірет Алидің дұғасы орындалып, барша мұсылман үмбетіне ізгі іс қалдырған Әбу Ханифа дүниеге келді. Бәлкім, Әбу Ханифаның Пайғамбар ұрпақтарына деген терең сүйіспеншілігінің астарында да осы дұға жатқан болар, кім білсін.

Айта кететін жайт, атасы құл болсын, болмасын, Әбу Ханифаның өзі азат әкеден азат болып туылған. Атасының құл болып-болмауы оның білім денгейіне, абырой мен сый-құрметіне, тақуалығына көлеңкесін түсіре алмайды. Ол адамзат алдындағы мәртебе абыройға дәулеті немесе араб болмағанынан емес, қайта болмысындағы парасаттылық, тақуалық және ақылдылығының арқасында қол жеткізген.

Жалпы, Ислам қағидасы бойынша арабтың араб еместен ешқандай да артықшылығы жоқ. Аллаһ тағала Құран кәрімінде «Аллаһтың құзырында ең ардақтыларың тақуа болғандарың»[12] деуде. Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):«Барлығың Адам атадан тарадыңдар, ал Адам ата топырақтан жаралды, араб пен басқа ұлттардың арасында ешқандай айырмашылық жоқ, айырмашылық тек тақуалықта ғана» деп, бұл ұстанымды шегелеп тұрып белгілеп кеткен. Сахабалардың арасында да әуелі құл болып, азат етілгеннен кейін тарихта аттары қалған сахабалар жетерлік. Мәселенки, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Салман әл-Фарисиді әһлі бәйттен санап: «Салман бізден, әһлі бәйттен» деген. Туысы болмаған Биләл Хабашиді туысқаным десе, бір атадан тараған, қандас туысқаны Әбу Жәһилді туысым деп санамаған[13]. Әуелі өзіне құл болып келген Зәйд ибн Хәрисаға Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) азаттық беріп қана қоймай, тіпті, өз баласындай көріп «Ұлым» деп кеткен-ді. Оның баласы Усаманы Әбу Бәкір, Омар (р.а.) сынды алағашқы саптағы сахабалардың өзіне қолбасшы етіп қойғаны тарихтан мәлім.

Шын аты: Көпшілік ғалымдар Әбу Ханифаның шын аты ән-Нұғман ибн Сәбит ибн Зәута екендігін айтқан[14]. Нұғман деген негізгі атының да өзіндік мағынасы бар. Ол «Тәнге қуат беретін қан немесе жан» деген мағынаға келеді. Нұғман деп аталуының себебі, кейінгі кезеңде оның фиқһ ілімінің алып ұстазы атанып, сіңірген еңбегіне байланысты адам бойында тіршіліктің негізі саналған денедегі қан секілді қызмет етуінде жатса керек. Сонымен қатар, Нұғман сөзін «Ниғмадан» туындаған десек, онда «Аллаһ тағаланың құлдарына жасаған нығметі» дегенді білдіреді[15]. Шын мәнінде, оның мұсылман әлеміне сіңірген еңбектері мен қалдырған мол мұрасынан атына заты сай болғанын көреміз.

Лақаб аты: Араб елінде лақап атпен атау құрмет-сыйды білдіреді. Алып имамның кең танымал лақабы – Әбу Ханифа. Әбу Ханифа сөзінің негізі  «Ханиф»  сөзінің муәннәс (женский род) формасынан тарайтын араб әдеби тілінде «Тақуа құл» деген мағынаға саятын «Ханифадан» келеді. Ал Ирак диалектісінде «Ханифа» деп жазу құралын атаған. Яғни, Имам Ағзам үнемі қаламды беліне тағып алып жүргендіктен солай аталып кеткен деген де көзқарастар бар[16]. Сонымен қатар, Ханифа атты қызы болғандықтан осы лақаппен аталған деген пікірлер кездескенімен, оны ғұламалар құптамаған. Өйткені, оның Хаммадтан басқа ұл немесе қыз баласының болғаны жайлы нақты мәлімет жоқ[17].

Басқа да риуаяттарға зер салсақ, ғалымдардың айтуынша, «Әбу» сөзінің аудармасы «Әке» мағынасымен қатар, «Иесі, өкілі, басшысы, жетекшісі», ал ханифа сөзі «Хақ, тура жол» дегенді де білдіреді. Олай болса, Әбу Ханифа деген сөздің мағынасы «Хақ жолдың бастаушысы, тура жолдың жетекшісі» дегенге саяды[18]. Демек, Әбу Ханифа халыққа дұрыстығы әрі туралығымен танылғандықтан, қалың жұртшылық Имамға «Хақ дін, тура жолдың басшысы» деп лақап тағып құрметтеген. Осы айтылған анықтамалардың барлығы Имам Ағзам Әбу Ханифаға лайық десек, артық айтқандық емес. Оның өмірімен тереңірек танысқанда бұған көз жеткіземіз.

Әбу Ханифаның толық аты ән-Нұғман ибн Сабит ибн Зәута. Зәутаның баласы Сәбит, Сәбиттің баласы Әбу Ханифа Ән-Нұғман. Ал Әбу Ханифаның баласы Хаммад, Хаммадтан екі ұл тарайды: Омар мен Исмайл.


[1] Имам Хафиз әз-Зәхәби, Манақибу Имам Ағзам Әби Ханифа уә сахибәйхи Әби Юсуф уә Мухаммад ибн әл-Хасан, Ләжнәту ихяил-маарифи ән-Нумания, Бейрут, һижри 1419 ж., 3-басылым, 13-бет.; Хатиб Бағдади, Тарихул- Бағдад, Бейрут, жылы көрестілмеген,  13-т., 330-б.

 [2] Әрине, оны араб деу шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені, оның мәуәлиден екені белгілі. Ал мәуәли деп араб еместерге қарата айтылған.

 [3] Түріктің кейбір ғалымдары Әбу Ханифаның атасы Зәутаның Термездік, ол кезде Термез аймағының түрік халықтарының көп шоғырланған аймақ екенін айта келе, түрік болуы ғажап емес дейді.

 [4] Әбу Захра. Әбу Ханифа, хаятуһу уә асруһу, арауһу уә фиқһуһу, Дарул-фикрил-араби, Каир, 1997; Батыр Р., Абу Ханифа жизнь и наследие, «Медина» баспасы, Н.Новгород-Ярославль, 2007, 15-б.

 [5] Ибн Абдулбәрр, әл-Интиқа фи фәдәилис-сәләсәтил-фуқаха, Дәрул-кутубил-илмия, Бейрут, жылы көрсетілмеген,  123-б.

 [6]  Бағдади өзінің «Тарихул-Бағдат» атты кітабында «Аллаһ аты-мен ант етемін, біздің ұрпағымызда есік көзін баққан ешқандай құлдық болған емес» деп айтқан. әз-Зәхәби, Манақибу Имам Ағзам Әби Ханифа, 15-бет.

 [7] М. Синаноглы Мәуәли, // Ислам ансиклопедиси, ТДВ, Анкара, 2004, 29-т, 424-б.

 [8] Әбу Ханифаның немересі Исмаил ибн Хаммад өзінің ата тегін айтқан кезде «Мен Мәрзубанның баласы Нұғман, оның баласы Сәбиттің баласы, Нұғманның баласы Хаммадтың баласы Исмаил» дей келе ант ете отырып, аталарының құл болмағанын тілге тиек еткен. Тақиюддин ибн Абдулқадир әт-Тәмими, Табақатус-Сәния фи тәрәжимил-ханафия, Дарур-руфаи, Рияд, 1983, 1-т., 75-б.

 [9]    Бағдади,13-т., 326-б.

 [10]  Әбу Абдуллаһ Хусәйн ибн Али әс-Сәймиәри, Ахбару Әби Ханифа уә асхабихи,Бейрут, 1985, 2-б.

 [11]  Ибн Халликан, Уәфәятул-аъян уә әнбәи әбнәиз-заман, Бейрут, жылы көрсетілмеген, 5-т., 405-б.

 [12]  «Хужурат» сүресі,  14-аят

[13]  Муаффақ  ибн Ахмет әл-Мекки, Манақибу Әбу Ханифа, (Кердеридің мәнәқибымен бірге), Дәрул-китабил-араби, Бейрут, 1981, 1-т., 11-б.

 [14]  Хатиб әл-Бағдади, Тариху мәдинәтис-сәләм, Бейрут, 2001, 15-т., 446-б.;  әл-Мекки, Манақиб, 37-б.

 [15]  әл-Мекки, Манақиб, 41-б.

 [16]  Хайсами,  Хайратул-хисан фи манақиби әл-Имамил-Азам Әби Ханифәтин-Нуман,Бейрут, 1983, 41-б., Р. Батыр, Абу Ханифа жизнь и наследие,  16-б.

 [17]  И. Хаккы Үнал, Имам Ебу Ханифенин хадис анлайышы ве ханефи фықһынын хадис методу, Анкара, 1994, 16-б.

 [18]  Әбсаттар Қажы Дербісәлі, Ұлық Имам – Имам Ағзам Әбу Ханифа, «Көкжиек» баспасы, Алматы, 2007, 13-б.