АУДАН ӘКІМІ АУЫЗАШАР БЕРДІ

Жарма ауданы әкімі Ахметқали Нұрғожин, «Нұр» мейрамханасында Рамазан айына орай, ораза ұстап, ниет қылған жандарға ауызашар берді.

Ауызашарға ауданымыздың ораза ұстаған жандарымен қатар, құрметті азаматтары, тұтастай ауылдың көшін бастаған қариялар, мешіт жамағаты – барлығы 100-ге тарта адам қатысты.

Алла Тағаланың парыз еткен оразасын ұстап жүрген жамағат  дастарханынан шөлін басып, ауыз ашысымен сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы жиылған қауымды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ауыз бекітіп, ниет қылған құлшылықтары қабыл болуына тілектестігін жеткізді.

Қасиетті Рамазан айындағы ауызашарға жиналған көпшілікке аудандық мешіттің бас имамы Оспан  Мерғали Жүнісбекұлы , оразаның пайдасы мен ұстау қағидалары жөнінде, берілетін садақа, қайырымдылық шаралары туралы  және оразаның  тәрбие мектебі екенін әңгімелеріне арқау етті. Сонымен қатар, ораза ұстау адамдарды жақсылыққа бастап, мейірімділікке баулып, бір-біріне деген қамқорлығын арттыратын ұлық іс екенін айта отырып, ауызашар беруді ұйымдастырып отырған аудан әкімінің игілікті ісіне алғысын білдірді.
Ауызашар шарасында бес парыздың бірін орындап, ораза тұтқан жамағаттар бақилық болған барша жармалықтардың рухына  құран  бағыштады.

 

Мейірхан Оспанбаев.