«Әйел- қыздар секторының» Мәуліт кеші

Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының насихат және қоғаммен байланыс бөлімі Семей өңірі бойынша «Әйел- қыздар секторының» ұйымдастыруымен қос мұнаралы орталық мешітте Мәуліт кеші аталып өтті.

Қасиетті Құран Әнбиясүресінің 107 аятында:«Ей, Мұхаммед! Сені біз жер жүзіне тек рахым етіп қана жібердік» бұйырылған. Алла тағала Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.ғ.с.) әлемдерге мейірімін түсіру үшін жіберді. Демек хазірет Мұхаммед (с.ғ.с.) дүниеге келген күн – Алла тағаланың бүкіл әлемге рахым-мейірімі молынан түскен күн.

Алланың қалауымен екі дүниенің сұлтаны хазреті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) туылған Рабийул Әуәл айына келіп жеттік.. Бұл ай бойы Пайғамбарымызға (с.ғ.с.)  көптеген салауаттар айтылып, Мәуліт оқытылады.Мәуліт  туған күн деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұл күн екі дүние сәруары, барша пай­ғамбарымыздың абзалы пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) туған күні. Қараңғы дүниеге жарық келіп, мүбәрак нұрымен жерді нұрландырған қасиетті де ұлық күн. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) миләди жыл санауы бойынша 571  жылы рабиғ әл-әууал айының 12-сі, дүйсенбі күні таң ата дүниеге келді. Алланың құдіретімен айрықша жаратылған жанның туғаннан өмірден өткенге дейінгі өмірбаянын әрбір мұсылман көкірегіне түйіп, көзінің қарашығындай сақтай білсе нұр үстіне нұр болары хақ.

Аталған іс-шараға Семей өңірі бойынша әйел қыздар секторының ұстаздары мен шәкірттері атсалысты. Кештің басын орталық мешіттің наиб имамы Бекзат Борамбайұлы Құран бағыштап, алғы сөзбен ашты. Шәкірттер пайғамбарымыздың өмір баяны мен мінез-құндылықтарын сипаттайтын монологтар, өлең жолдарын оқыды. Дінімізді насихаттауға негізделген «Пайғамбарымыз мені бәрінен артық жақсы көреді» атты көрініс қойды. Мәуліт оқылып кештің соңы қонақтарға жайылған ақ дастарханмен жалғасты.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.