ДІНИ ЖУРНАЛИСТТЕРДІҢ ІІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМЫ ӨТТІ (ФОТО)

Бүгін ҚМДБ-ның Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Отырар ауданындағы, Шәуілдір ауылында діни журналисттердің «Игілік бастауы – рухани жаңғыру» атты ІІ Республикалық форумы болып өтті. Қасиетті жұма күніне орайластырылған республикалық форум жұмысы Шәуілдір ауылындағы жаңадан бой көтеретін құлшылық ордасының іргетасын қалау рәсіміне қатысуымен басталды. Форумға жиналған ҚМДБ-ның әр өкілдіктегі баспасөз хатшылары мен сайт әкімшілері, ОҚО-ның дін қызметкерлері, арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтахановтың қатысуымен алғашқы тасы қаланған жаңа мешіттің халық игілігіне қалтқысыз қызмет жасауын сұрап, жамағатпен бірге дұға жасады.

Осылайша, алғашқы қадамдарын сауапты істен бастаған форум қатысушылары жақында жарияланған Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласындағы өзекті ойды ту еткен алқалы отырысты бастап та кетті. Шара шымылдығын ашқан ОҚО-ның өкіл имамы Керімбек Ахметжан ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының құттықтау сөзін жеткізіп, форум жұмысына сәттілік тіледі. Форум жұмысын жүрігзуші ОҚО-ның өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров бұдан кейінгі сөз кезегін Отырар ауданының әкімі Айтаханов Ерлан Қуанышұлына ұсынып, өңірдегі діни ахуалға мейлінше қамқорлық танытып келе жатқан білікті басшының құттықтауымен жалғасты.

Сондай-ақ, форум барысында ҚМДБ-ның Баспасөз бөлімінің меңгерушісі Ағабек Қонарбайұлы, белгілі жазушы Еркінбек Тұрысов, Республикалық «Асыл сөз» медиа шығармашылық орталығының директоры Асылбек Әуезханұлы, Ордабасы ауданының құрметті азаматы, жазушы Нармахан Бегалиев, ОҚО-ның өкіл имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров, ҚМДБ-ның Ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Мұрат Әбдіхалықовтар түрлі тақырыптарда баяндама жасап, діни журналистика саласындағы әдіс-тәсілдер жайында, ақпарат кеңістігіндегі ұлттық құндылықтарды насихаттау жұмыстарының жай-жапсарымен бөлісті. Бұдан кейін сахна төріне көтерілген белгілі айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова апайымыз жырдан шашу шашып, форум жұмысына өз ниеттестігін жеткізді.

Қазақ тарихындағы алар орны ерекше Отырар өлкесінде бас қосқан форум қатысушылары рухани жаңғыру жолындағы тетіктерді талқылап, дін саласындағы басымдықтарды дамытудың жолдарын талқыланды. Форум соңында қатысушыларға аудан әкімі Ерлан Айтаханов арнайы сертификат табыстап, алқалы жиында қабылданған шешімдердің ел игілігіне жаратып, ҚМДБ баспасөз хатшылары мен сайт әкімшілеріне табыс тіледі. Отырар аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Мырзахмет Темірбеков ақсақал қатысушыларға ақ батасын арнады.

muslim.kz