Ислам және Отбасы құндылықтары тақырыбында дөңгелек үстел

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен басты бағыттар аясында бүгінде аймақтарда ауқымды іс-шаралар өткізіліп, қоғам мен дін өкілдерінің қарым-қатынасы нығайып, мешіт тынысы бұқараға айқын сезіле бастағаны жасырын емес.

Семей қалалық Тыныбай мешітінде Ақшам Құптан намазының арасында Жастар бөлімінің өкілі Жүнісбек Айдын Сәлімханұлы, және Тынбай мешітінің бас имамы Біржан Аманжолұлының ұйымдастыруымен  мешіт жамағаттарына  «Ислам және Отбасы құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Отанды қорғау ұлы міндет болса, осы отанды құраушы отбасы құндылығы әрбір саналы жан үшін де маңызды болмақ. «Отан – отбасыдан басталады» деп, кешегі өткен бабаларымыз артында мәні терең сөз қалдырды. Отбасының берік болуы – ел болашағының зор болуына кепіл болады. Ата-ананың тәлім-тәрбиесін егіз көріп өскен буын Отанының толыққанды саналы азаматы болып өседі. Ел игілігі үшін қызметті әрбір отбасы өз шаңырақтарынан бастаса – абзал болмақ» деді Жастар бөлімінің өкілі Жүнісбек Айдын Сәлімханұлы,өз баяндамасында.

Ардақты пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) бір хадис шәріпінде «Барлығың жауаптысыңдар. Басшы еліне, отағасы отбасына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан  сұраққа тартылады» деп, бұл өмірдегі саналы жанның жауапкершіліктерін көрсетіп кеткен еді. Балаға тал бесіктен дұрыс тәрбие беріп, тілін, ділін һәм дінін білуге, құрметтеуге, Отанын сүюге, қорғауға үйрету – ата-ананың міндеті. Қарыс қадамы үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз» деп, салмақты ой тастаған.

Сөз соңында Жастар бөлімінің өкілі Жүнісбек Айдын Сәлімханұлы,қасиетті мекен – Отан турасында шариғи әрі қазақы таным тұрғысынан баяндап, отбасыны, балаларды дұрыс өсіру, жетілдіру – әрбір ата-ананың, ал Отанды қорау – әр адамның адамдық борышы деген тұжырым жасады.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызметі.