ҚМДБ: 394 313 ОТБАСЫНА КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ (ФОТО)

ҚМДБ баспасөз қызметі www.muftyat.kz

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жылдық қорытынды есебінде биыл еліміз бойынша 394 313 отбасына қайырымдылық көмек жасалғаны мәлім болды. Бұл ақпаратты ҚМДБ Діни істер және талдау бөлімі жариялады. Қайырымдылық акция аясында тұрмысы төмен отбасылар азық-түлікпен, киім-кешекпен, қаражатпен қамтамасыз етілген.

Діни басқарма жыл сайын «Қайырымдылық керуені», «Мектепке жол», «Бауырыңа өмір сыйла», «Рамазан сыйлығы», «Қарттарға қамқорлық», «Жетім көрсең, жебей жүр», «Мұқтаждың мұңын бөліс» «Сен де үлес қос» деген атаумен жүйелі түрде қайырымдылық шараларын жүзеге асырып келеді. Соңғы 2 жылдың көлемінде дін қызметкерлері 10-нан астам тұрмысы төмен отбасыға үй салып беруге үлес қосты. Тек бір ғана қасиетті Рамазан айында еліміз бойынша жыл сайын 70 мыңнан астам отбасыға пітір садақасы есебінен материалдық көмек көрсетіледі. Облыстық мешіт жанынан тегін киім-кешек, азық түлік дүкендері ашылды.

Жылдық есепте Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы аймақтағы өкіл имамдарға Діни басқарманың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – қайырымдылық іс-шараларды жыл бойы үздіксіз жүзеге асырып отыруды тапсырды.