Семей «Мектепке жол» қайрымдылық акциясы өтті (ФОТО)

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының  Семей аймағы бойынша өкілдігі және «Уақып» Қазақстандық корпоративтік қайырымдылық қорымен бірлесе отырып  жаңа оқу жылы қарсаңында  «Мектепке жол», «Мектеп сөмкесі»  атты қайырымдылық акциясын өткізді.

ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазреттің бастамасымен қолға алынып отырған игі шараны өткізудегі басты мақсат көп балалы отбасы балаларына әлеуметтік тұрғыдан қамқорлық көсету болып табылады. Осының нәтижесінде балалар жаңа оқу жылына даярлықпен барады. Бұл жолғы шара да осыны мақсат тұтты. Шараға 100-дей адам қатысты.

ҚМДБ Семей аймағы бойынша өкіл, имамы Алтыбай Мақсат Қуанышұлы игілікті шараның маңыздылығына тоқталып, оның төл дінімізде де сауапты амал екендігін, жас шағында мейірім көрген баланың есейгенде де айналасына қамқор көзбен қарап, мейірімді болып өсетінін айтып өтті.

Аз қамтылған отбасы балалары үшін бұл сыйлықтар үлкен көмек екені белгілі.  Келген ата-аналар өз ризашылықтарын білдіріп: «Әрбір істеген игі амалдарыңыз сауапқа толы болғай», — деп ақ тілектерін жаудырды.

Семей Қос мұнаралы орталық мешітінің баспасөз қызмет