Хәкім Абайды Исламтанушы деуге негіз бар

Семей шаһарында ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша дін қызметкерлеріне арналған «Хакім Абайдың рухани мұралары» атты тақырыпта оқу-тәжірибелік семинар басталды. Қазақтың бас ақынының 175 жылдығына орай ұйымдастырылған бірегей шара қаладағы Абайдың тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражайынан бастау алды.

Аталмыш семинарға Семей аймағындағы мешіт қызметкерлері, ауыл имамдары жиналған болатын. Сондай-ақ, жергілікті абайтанушылар, теологтар мен БАҚ өкілдері де бас қосқан жиында кіріспе сөзді белгілі ғалым, мұражай директоры Жандос Әубәкір алып, діни басқарма тарапынан Абайдың рухани мұраларын насихаттауға арналған осынау бастамаларға құптау білдірді. Сонымен қатар, мұражай қорында сақталған, ұлт руханиятының құнды жәдігерлері саналатын, ежелгі қадим жазуымен хатқа түсірілген немесе көне Шағатай тілінде жарық көрген туындыларды бірлесіп зерделеуде әріптестік байланыс орнатудың маңыздылығын айтып өтті. Бастау алып отырған оқу-тәжірибелік семинарға қатысушы дін қызметкерлерін құттықтап, лебіз білдірді.

Өз кезегінде, Семей қаласы әкімінің орынбасары Айдар Садырбаев ұлттық құндылықтардың алтын кеніші саналатын Абай мұраларының ата дінімізбен астасып жатқанын сөз ете келе, осынау үлкен бастаманың мешіт қызметкерлеріне де, олардың уағызына ұюшы жамағатқа да пайдалы боларына сенімі мол екенін жеткізді.

Ал, аталмыш тақырып аясында кеңінен сөз өрбіткен ҚМДБ-ның Семей аймағы бойынша бас имамы Асқар Мұқанов ең алдымен ұйымдастырылып отырған осы семинардың мәні мен мақсатын айтып өтті.

– Басты мақсат – руханиятымызды толықтастыру, әрі оған өз бабаларымыздың, кешегі ұлт зиялыларының, даламыздың дана ойшылдарының діни таным-түсінігі арқылы келу және оны халыққа насихаттау, – деп атап өткен бас имам семинар жұмысына тоқталып өтіп, тақырып аясында сөзін жалғады.

– Кешегі кеңестік дәуірде салт-санамызбен тығыз сабақтасқан дәстүрлі діни мектебіміздің негізі де жойылып кетті. Ал, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары елімізде қазақы сипаттағы діни мектеп қайтадан қалыптасып үлгермегендіктен дәстүрлі ислами бағытымыз болмады. Соның салдарынан рухани ілімге шөліркеп, шетел асып білім алған жастардың ықпалымен ұлттық танымға сәйкес келмейтін түсінік те орын алғаны жасырын емес, – деген Асқар Әбітайұлы Исламның әлемдік дін болуына бір себеп – оның ұлт пен ұлыстың мәдени болмысын, салт-дәстүр сынды ізгі құндылықтарын жоймай, керісінше рухани байыта түскені деп атап өтті.

– Бүгінгі күні діни салада да Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сынды ойшылдардың ақыл-ой кенішін игеріп, ұрпаққа рухани азық ету мәселесі туындап отыр. Ұлттың қайта жаңғыруын мұрат тұтқан Абайдың діни өсиеттері, шариғат, имандылық хақындағы өлеңдерінің өзі – ұлт қазынасы. Бүгінгідей егемендіктің, бейбіт заманның, ынтымақтың арқасында ұмыт қалған осындай құндылықтармен қайта қауышуға мүмкіндік туды. Ендігі аралықта, қазақ даласынан шыққан кешегі дін қайраткерлері мен дана тұлғалардың мұраларын игеріп әрі халыққа да жеткізуіміз керек. Яғни, Әл-Фараби, Абайды бағдар еткен қазақы сипаттағы діни мектепті қайта қалыптастыратын уақыт туды. Осы ретте теріс діни идеологиямен уланған қандастарымызды да рухани құндылықтармен емдеп, өскелең буын арасында діни радикализм мен деструктивті ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыра аламыз, –  деп атап өткен бас имам бұл бағытта Абайдың рухани мұрасы халқымыз үшін адастырмас темірқазық екенін жеткізді.

Осы ретте «Абайдың «Тасдиқ кітабы» деп те аталатын 38-ші қара сөзі дін қызметкерлері үшін әдістемелік нұсқаулық бола алады» деп пікір білдірген бас имам жұма хұтбалары мен уағыз-насихат жұмыстарында бастауын Құран-хадистің тұнығынан алатын, дәстүрлі Матуриди мектебімен тығыз үндесетін Абай мұраларына сүйенудің қажеттілігі жайлы да айтты. Сол тәрізді ортағасырлық ислами классикалық кітаптардың алтын өзегі болған, пендені рухани кемелдікке жетелейтін, Абай өсиет еткен «Толық адам» ілімі де жамағат арасында кеңінен насихатталуы керек.

Іс-тәжірибелік семинар барысында ұлт мақтанышы саналатын Абай хакімнің теологиялық ой-толғамдарын терең игерудің қажеттілігі, әлемдік деңгейдегі дін ғұламаларымен иық теңестіре алатын тұлға екенін әйгілеу үшін оның сенім мен ғибадат жайлы тұжырымдарын зерттеу, зерделеу керектігі жайында да тұшымды ойлар ортаға салынды.

Семей қалалық қос мұнаралы Орталық мешітінің баспасөз қызметі