Ораза ұстаудың ШАРИҒИ  шарттары

Ораза тұту – парыз

Рамазан айында ораза тұту – шексіз  Ұлық  Аллаһтың үкім етуімен адамдарға парыз етілген. Ол Исламның негізгі тіректерінің бірінен саналады. Аллаһ Тағала айтты:

«Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар… Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын». (Бақара 2:183-185).

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деді:

«Исламның бес шарты бар: олар «Аллаһтан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың елшісі» деп куәлік ету, құлшылық қылу, зекет беру, Қағбаға барып қажылықты орындау және Рамазанда ораза тұту». (Әл-Бухари, Муслимнен).

Ораза ұстау тәртібі

  1. Тыйылу. Тамақ жеуге, ішуге және ерлі-зайыптылардың жақындасуына таңсәріден күн батқанға дейін тыйым салынады.

Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Ақ жіп пен қара жіп ажыратылып, танылғанша (таң ағарғанша) жеңдер де ішіңдер. Содан күн батқанша ораза ұстаңдар…» (Бақара сүресі, 187 аят).

  1. Ниет. Ниет екі түрлі болады. Біріншісі, күнделікті ауыз бекітер алдында сол күнгі ораза тұтуға ниет етеді. Екіншісі, рамазан айының алғашқы күнінде бүкіл бір рамазан айына ниет етеді. Сондықтан да Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әрбір жақсы амал ниетке байланысты», – деген.

Ораза кімдерге міндет?

Ораза ұстау әрбір мұсылман еркек пен әйелге парыз.

Шарттары:

  1. Мұсылман болуы;
  2. Балиғатқа жеткен болуы;
  3. Акыл-есі бүтін болуы;
  4. Мұким (бір жерде тұрақты болуы);
  5. Дені сау болуы;
  6. Әйелдер қайыз (етеккір) бен нифастан (босанғаннан кейінгі 40 күн) таза болуы керек.

Рамазан айының жақсылықтары

  1. Рамазан айында жұмақтың қақпасы ашылады, тозақтың қақпасы жабылады. Шайтандар шынжырланады.
  2. Рамазан айында ораза тұту – Аллаһтың құлының өткендегі бүкіл күнәларының кешірілуіне себепші болады.
  3. Шексіз Ұлық Аллаһ, Оған Мадақ, ораза тұтушының, егер ол оразасын бұзбаса, дұға-тілектерін қайтармайды.
  4. Рамазан айында бір өзінде мың айда құлшылық еткендей қасиет дарыған Қадір түні бар.

Сәресі ішудің артықшылығы

Сәресіге тұрып, тамақ жеу мүстәхаб. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сәресіде тамақ жеңдер, өйткені сәресі тамағында берекет бар» – деген. Сәресі тамағы ораза ұстауға күш береді. Дұғалар қабыл болатын уақыттардың бірі – сәресі уақыты. Сәресіге тұрған адам тілектерін айтып дұға етіп, Аллаһ Тағаладан күнәларының кешірілуін сұрау керек.

Сәресін ішіп болғаннан кейін аузын шайқап осы дұғаны оқып, ниет етсе болады.

«Алла Тағала үшін мүбарак Рамазан айының оразасын ұстауға таңнан күн батқанға дейін ниет еттім».

Ауыз ашар дұғасы

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Ораза ұстаған адамға екі қуаныш бар: бірі – ауыз ашқан уақытта, екіншісі Аллаһпен қауышқан уақытта».

Кешке жақын оразаны ашқанда оқылатын дұға:

  «Жаратқан Ием Сен үшін ораза ұстадым, Саған иман келтірдім, Саған тәуекел еттім, Сен берген ризық несібеңмен ауыз аштым. Иә кешірімді Алла! Менің алдыңғы және соңғы күнәләрімді кешіре гөр!»

Оразаның қағидалары мен әдептері

  1. Күн ұясына қонған бойда ауыз ашуға (ифтар) асығу;
  2. Ауызды жаңа піскен немесе кептірілген құрмамен немесе сумен ашу. Ауыз ашқанда желінетін құрманың немесе суды жұтудың тақ саннан болуына көңіл аударылғаны дұрыс.
  3. Ауыз ашқанда Аллаһ Тағалаға дұға ету; Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аузын ашқанда былай деп дұға жасаған: «Иә, Аллаһ! Сен үшін ораза ұстадым, берген несібеңе ауыз аштым! Қабыл ете гөр оны бізден! Расында, Сен Бәрін Естуші және Бәрін Көрушісің!».
  4. Түннің соңғы бөлігінде, таң бозарып атар алдында ораза тұту ниетімен сәресі ішуді ұстану;
  5. Сәресі ішуді түннің соңғы бөлігінде доғару;
  6. Аллаһтың үкімдерін әркезде бұлжытпай орындауға күш салу;
  7. Кешірімді болу, өзін ренжіткендерге кең пейілді болу. Егер біреу ұрыс-керіске шақырып, тілдейтін болса, «Менің аузым берік», «Менің аузым берік» – деп айту;
  8. Басқа ораза тұтушыларға қамқорлық танытып, олардың ауыз ашуларына жағдай жасау.

Оразаның дәлелді жағдайлармен тоқтатылуы

  1. Әйелдердің хайыз және нифас күндерінің келуі;
  2. Адамды қауіп-қатерден құтқаруға байланысты, мысалы, суға батып бара жатқан адамды құтқару кезінде су жұту т.б.
  3. Сапарға шығып, мүсәпір болған жағдайда намазды қасыр оқуға және ораза ұстамауға рұқсат етіледі;
  4. Науқастың ораза ұстайтын күш-қуаты болмаса, не аурудың асқынуынан қорықса;
  5. Екіқабат не бала емізетін әйел өзіне не баласына нұқсан келуінен күмәнданса.

* Жоғарыда аталған жағдайларға байланысты ораза тұтуды тоқтатқан адамдар кейін күніне күн қазасын өтейді.

 ЖАМАН ІСТЕН ТЫЙЫЛУ

«Сіздерден біріңіз ораза ұстаса жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балиғаттаса немесе дауласса, ол: «Мен оразамын», – деп айтсын».

Хадисті Әбу һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари және имам Муслим риуят етті.

«Кім жалған айтудан және жалғандыққа барудан тыйылмаса, Аллаһ Тағала оның ішпей-жемей жүргенін қажет етпейді».

Хадисті Әбу Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари риуаят етті.

Оразада ұмытып жеу

 «Сендерден кімде-кім оразада ұмытып ішіп-жеп қойса, оны Аллаһ Тағала тамақтандырып, сусындатқаны. Ол адам оразасын толықтырсын».

Түсініктеме: «…оразасын толықтырсын…» – шариғат бойынша төмендегідей жағдайда ораза бұзылмайды:

  1. Ұмытып ішіп-жеу. Бұл жағдайда ораза екені еске түскеннен ішіп-жеуден тыйылу керек;
  2. Әлсірететіндей мөлшерде қан алдыру. Анализ үшін қан алдырту оразаны бұзбайды;
  3. Еріксіз тамағына түтін, тозаң, шыбын кіру.
  4. Бой дәретсіз таң атыру. Мысалы, ерлі-зайыптылар жыныс қатынасынан кейін;
  5. Түкірік жұту;
  6. Тістің арасындағы көлемі бұршақтан кішкентай нәрсені жұту;
  7. Ұйықтап жатып ихтилам болу.

Хадисті Әбу Һурайрадан (р.л.ғ.) Имам Бухари және Имам Муслим риуаят етті.

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

  1. Күндізгі уақытта біле тұра қасақана ішіп-жеу;
  2. Жыныс қатынасына бару;
  3. Әдейі несептен мәни шығару;
  4. Әдейі құсу;
  5. Асқазан, ішекті жуу мақсатымен клизма жасату не ине арқылы қорек болатын дәріні бойға сіңіру;
  6. Әйелдің етеккірі немесе босануы кезінде қан кетуі;

Ескерту:

* Рамазан айының күндізгі уақытында қасақана жыныс қатынасына барғандар сол күннің қазасын өтейді әрі арасын бөлместен екі ай бойы ораза тұтып, күнәсін жуады. Егер оған шамасы келмесе 60 міскінді тойдыра тамақтандырады.

* Кімде-кім оразаның қаза болған күндерін өтемек болса, келесі Рамазан айы басталғанға шейін қазасын өтеуге асығуы тиіс.

Ораза ұстай алмайтындардың жағдайы…

Ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру – уәжіп. Бұлар ауруларының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілер. Олар оразаның орнына әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандырады. Фидияны ақшалай беруге де болады. Бір кедейді отыз күн таңда және кешке тамақтандыру немесе алпыс кедейді бір күн таңертең, яки кешке тамақтандыру жеткілікті.

Құранда Аллаһ Тағала: «Ораза ұстауға шамасы келмейтіндер бір жарлының тамағын төлесін», (Бақара, 2/184) – дейді. Ибн Аббас бұл аят жайлы былай дейді: «Аят – кәрі адамдар үшін түскен. Оразаны өтеу – парыз». Дегенмен кейбір қариялар жоқ-жітікті тамақтандыруға шамасы келмесе, Аллаһтан кешірім тілейді. «Аллаһ адамға көтере алмайтын жүкті бермейді» (Бақара, 2/186.3).

Сол секілді жазылмайтын науқасқа да фидияның уәжіп болғаны жайлы Ислам факиһтері арасында ауызбірлік бар. Мұндай адамға ораза ұстау парыз емес. Оған мына аят дәлел: «Аллаһ сендерге дінде қиыншылық жасаған емес» (Хаж, 22/78).

Оразаны бұзбайтын жағдайлар

 Ұмытып ішіп-жеу немесе білмей жыныстық қатынаста болу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік адам ұмытып ішіп-жесе, оразасын бұзбай толықтырсын. Өйткені, оған жегізген де, ішкізгенде Аллаһ» (Муслим, Сиям. 171). Басқа бір хадисте: «Рамазанда ұмытып оразасын бұзған адамға қаза да, кәффарат та керек емес» (Ибн Мажә. Сиям. 15) – делінген. Ұмытқан адам есіне түскен кезде дереу тоқтатуы керек.

  1. Бір адам таңертең жүніп болып тұрса және кешке дейін де осылай жүніп күйінде жүрсе, оразасы бұзылмайды. Бірақ әлбетте намаз оқу үшін ғұсыл алу парыз. Аллаһ Құранда: «Егер жүніп болсаңдар, толық тазаланыңдар», (Маида, 5/6) – дейді.
  2. Қан алдыру немесе сүлік салдыру оразаны бұзбайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қажылықта аузы берік кезінде қан алдырған. (Бухари. Тыбб. 11).
  3. Құлаққа су кіру, бұлық ағу оразаны бұзбайды.
  4. Көзге, құлаққа дәрі тамызу немесе көзге сүрме жағу оразаны бұзбайды.
  5. Мисуак оразаны бұзбайды. Өйткені, мисуак қолдану – сүннет. Тіпті тіс пастасын қолдану да оразаны бұзбайды. Бірақ ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып, жуу.
  6. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт.
  7. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет.
  8. Тамаққа түтін немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары еріксіз кірсе, оразаға зиян бермейді. Бірақ бұларды әдейі ішіне тартса, ораза бұзылады.
  9. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсе тамаққа кетсе, ораза бұзылмайды.
  10. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Гүл, әтір секілді жақсы иістерді иіскеу оразаға зиян бермейді.
  11. Еріксіз құсу (ауыз толы құсық болса да) оразаға кедергі жасамайды. Және оның еріксіз ішке қайта кетуі де.
  12. Салқындау үшін жуыну, жүзу немесе ылғалды бір көйлек кию оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтпастан суға батып жүзу қиын болғандықтан түспеу абзал.

 Дереккөз: fondihlas.ru Орыс тілінен аударған:  М. Бақдәулетқызы.