Тарауих намазы жайында не білесіз?

ТАРАУИХ НАМАЗын оқу – сүннет

Тарауих намазы жиырма рәкағат. Ерлер мен әйелдерге сүннет мүәк-кәдә, яғни, бекітілген сүннет. Ол Рамазан айында оқылады. Ауру немесе жолаушы болып, ораза ұстай алмаған адамдардың да Тарауих иамазын оқуы – сүннет.

Тарауих намазын мешітте жамағатпен оқыған сүннет әрі сауабы мол. Үйде де жалғыз немесе жамағатпен оқуға болады.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді:

“Артықшылығына сене отырып, сауабын үміт ете отырып, Алла разылығы үшін Рамазан айында түнде ғибадат ететін (Тарауих намазын оқитын) адамның өткен күнәлары кешіріледі.” (Риязус-салихин”, II том, 467 бет).

Тарауих намазының оқылуы:

Тарауих намазы құптан намазынан кейін оқылады. Одан бұрын оқылмайды. Үтір намазы Рамазан айында Тарауихтан кейін оқылады. Тарауихтан бұрын да оқуға болады.

Жиырма рәкағат Тарауих намазын екі рәкағаттан да, төрт рәкаттан да оқуға болады. Екеуінде де намаз жиырма рәкағатпен тәмәмдалы.

Екі рәкағатта бір сәлем беріліп оқылатын Тарауихтың жамағатпен оқылуы:

Құптан намазының парызы мен соңғы сүннетінен кейін Тарауих намазы басталады.

Намазды оқытатын имам: “Ниет еттім Алла разылығы үшін маған ұйығандарға имам болып, Тарауих намазын оқуға” деп ниет етіп,  ифтитах тәкбірін алып, қолдарын байлайды.

Имамға ұйыған жамағат: “Ниет еттім Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқуға, ұйыдым осы имамға” деп ниет етіп, имам тәкбір алысымен “Аллаһу әкбар” деп тәкбір алып, қолдарын байлайды.

Содан соң имам мен жамағат іштерінен “Субханәкәні” оқиды. Ол біткеннен кейін имам ішінен “Әғузу, бисмилләһ”, дауыстап “Фатиха” мен бір сүре оқып, жамағатпен бірге рүкуғ және сәжделерді орындап, отырады.

Отырғанда Имам және жамағат “Әттэхияту”, “Аллаһуммә салли”. “Аллаһуммә бәрик” және “Раббәнә әтинә” дұғаларын оқып, сәлем береді. Осылайша екі рәкағат бітеді.

Орнынан тұрып, жоғарыда айтып өткеніміздей, екі рәкағаттан намазын жалғастыра береді. 10 рет екі рәкағаттан (немесе төрт рәкағаттан) оқыса, жиырма рәкағат Тарауих намазы бітеді. Содан кейін үш рәкағат Үтір намазы жамағатпен оқылады.

Екі рәкағат Тарауихтың жеке оқылуы:

„Ниет еттім Алла разылығы үшін Тарауих намазын оқуға” деп ниет етіп, таңғы намаздың екі рәкағат сүннеті сияқты оқылады.

Жиырма рәкағат біткенше екі рәкағаттан оқылады, тарауих бітісімен Үтір намазы оқылады.

 Тарауих намазының таспихы

 «Субхана зил-мулки уәл-мәләкут. Субхана зил-иззати уәл-азамати уәл-жәбәрут. Субханәл мәликил-мәужуд. Субханәл-мәликил-мабуд. Субханәл-мәликил-хайилләзи лә янаму уә ла ямут. Суббухун, қуддусун Раббуна уә Раббул мәләәикәти уәрруух. Лә иләһә илла Алла настағфируллах. Насәлукәл джанната уә нагузу бика минәннаар».

Қазақша мағынасы: «Патшалық және мүліктер иесі Алла пәк. Үстемдік, ұлылық, құдырет, үлкендік және өктемдік иесі Алла пәк. Өлмейтін (мәңгі) тірі (патшалардың) патша Алла пәк. Өте пәк, тым кіршіксіз Раббымыз, әрі періштелердің Раббы, әрі Жәбірейілдің Раббы, Алладан басқа ешбір Тәңір жоқ. Алладан жарылқау тілеймін. Я, бір Алла! Сенен жәннат тілеймін және тозақ отынан сақта деп Саған сыйынамын».